Түркістандық шаруалар бір алқаптан жылына 2-3 рет өнім алуда

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Өткен жылы Түркістан облысының климаттық жағдайын ұтымды пайдаланған шаруалар бір алқаптан жылына 2-3 рет өнім алды. 9 мың гектарда 2878 жоба іске асып, нәтижесінде 280 мың тонна көкөніс өнімі жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістандық шаруалар бір алқаптан жылына 2-3 рет өнім алуда

Өңірде биылғы жылы 11 бағыт бойынша 33 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Мұндағы негізгі бағыттар жылыжай кешені, мал бордақылау алаңдарын және сүт өндіру көлемін арттыруға арналмақ.

«Мемлекет басшысы Парламент отырысындағы мәлімдемесінде субсидия алуды жеңілдетуге, оның ашық болуы үшін бірқатар тапсырмалар берген болатын. Осы мақсатта өсімдік шаруашылығындағы 4 бюджеттік бағдарламаны 1 бюджеттік бағдарламаға біріктіруді ұсынудамыз. Бұл өз кезегінде нарық қажеттілігі мен баға тұрақтандыруды қамтамасыз ету мақсатында нақты қажет дақылдарды егуге бағытталған жоба болмақ» – деді Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратов.
Жалпы Түркістан облысында 69 мың шаруа қожалығы тіркелген. Оларда 170 мыңнан астам адам еңбек етуде. Бұл республикалық көрсеткіштің 32% құрайды. Сонымен қатар, облыста жаңадан 122 гектарға жылыжайлар салынып, өңірдегі жылыжай көлемі 1 467 гектарды құрап отыр.