Түркістандық шаруаларға жаңа бағдарлама арқылы қолдау көрсетіледі
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - «Оңтүстік» өңірлік инвестициялық орталығы «Ырыс» шағын несиелеу ұйымы арқылы «Ырыс Өркендеу» атты жаңа инвестициялық бағдарламаны іске қосты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасы бойынша, «Ырыс» жобасын жүзеге асыру жұмыстары аясында шаруаларға алдын ала төлемсіз қаржылық лизинг арқылы қолдау көрсетіледі.
Бағдарламаның ерекшелігі мен басымдығы 84 айға 9% ауыл шаруашылығы техникаларын жеткізу болып табылады. Яғни ауыл шаруашылығының өкілдері 10 млн теңгенің құрылғысын 7 жылға кепілдіксіз және авансық төлемсіз лизингке ала алады.
Аталған бағдарлама аясында кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы бағытындағы техникаларды ала алады. Мұнда аванстық төлем орнына инвестициялық субсидия төленеді.
Лизинг Түркістан облысындағы заңды тұлғалар мен фермерлік шаруашылықтар, жеке кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін қолжетімді.