Түркістандық суретші балаға халықтың көмегі қажет
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында тұратын Әбдірахмен Темірбек есімді суретші бозбаланың еміне 25 млн теңгеге жуық қаражат қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Түркістан облысы Төлеби ауданында Әбдірахмен Темірбек есімді суретші бала тұрады. Небәрі 15 жасында талантымен танылған ол салған суреттерін сатып, азын-аулақ болса да ақша тауып отыр. Мұндай қадамға бозбала қызығушылықтан емес, қажеттіліктен барды. Себебі, жас талант иесінің ем-домына қомақты қаражат қажет.
«2009 жыл болатын. Орал қаласында тұратын едік. Сонда жұмыс істеп, бақытты отбасылық ғұмырды бастан өткеріп жүрдік. Бір күні үйіміз өртеніп, ішінде ұлым Әбдірахман мен жұбайым Айнұр қалып қойды. Екеуін де қатты күйік шалды. Алғашқы қажетті операциялар жасалды, бірақ Әбдірахманның бетін сақтап қалу мүмкін болмады. Содан бері емдету үшін бармаған жеріміз жоқ» - дейді әкесі Берік.

Әбдірахман күйік шалған уақытта 2,5 жаста болған. Қолын, бетін, басын түгелімен күйік шалған. Тіпті, он күн бойы комада жатқан оның алақаны ашылмай, қолы жазылмай қалған. Бет-жүзі түгел күйіп, шаштары жанып кеткен. Ал әйелі Айнұрдың иықтары жабысып қалған. Қолдары да қатты күйген.
«Алғашқыда өте қиын жағдайды бастан кешірдік. Кейін жәймен реттеле бастады. Әйелім мен ұлыма Шымкенттегі түрік дәрігері көп көмектесті. Қолдары мен иықтарын ашып берді. Ал Әбдірахманның бет-әлпетін орнына келтіру бойынша дәрігер таппадық. Кореяға дейін алып бардық. Ол жақта бізді қабылдамады. Емдей алатын дәрігерді тек Израильден таптық» - дейді Берік.
Қазіргі кезде Әбдірахман Израильде екі рет ота жасатқан. Енді он күннен соң үшінші отаға баруы керек. Ол үшін 24 542 318 теңге қаражат қажет. Қазіргі кезде отбасы балаларының ем-домы үшін халықтан көмек сұрап, қаржы жинауда. Себебі, әкесі жұмыссыз. Ауылдағы табылған істі атқарып, күнкөріс етеді. Анасы Айнұр да бала тәрбиесімен үйде отыр. Көпбалалы отбасы үшін қомақты қаражатты жинау оңайға соқпай тұр.


«Бақытымызға орай, израильдік клиниканың дәрігерлері ұлыма жаңа бет-әлпет жасап бере алатынын айтты, бірақ бұл, әрине, үлкен ақшаны қажет етеді. Үйді саттық, қарыз алдық. Мұның өзі жеткіліксіз. Ота 4 кезеңнен тұратындықтан төлемдер жыл бойы жалғасып жатыр. Өткен жылы жасатқан отамызға Өскемендегі «КазЦинк» мекемесі қолдау білдірді. Ал бұл жолы блогерлердің көмегімен қаражат жинап жатырмыз. Қазіргі кезде 5 млн теңгеге жуық ақша жетпей тұр. Мұның өзі үшінші кезеңнің отасы үшін. Ем-дом барысында бірқатар процедуралар уақытылы жасалуы керек, әйтпесе алдыңғылары пайдасыз болады», - дейді ол.
Берік пен Айнұр 7 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылардың бірі. Үлкен ұлы Исмайл 22 жаста. Колледжді бітірген ол тұрақты кәсібі болмағандықтан, ауыл арасындағы құрылыс жұмыстарын істейді. Ал Ақерке – тұрмыста, Әбдірахман, Талха, Абдуләзиз, Әбдірахим, Осман – мектеп оқушылары. Ең кішкентай Мұсаның дүниеге келгеніне 8 ай болды.


«Ұлым үшін Оралдан Біркөлікке көшіп келдік. Себебі, балам көпшілік ортада бет-әлпетін көрсетіп жүруге ұялды. Ауылдағы мектепте бала саны аз. Мұнда еркін жүре алады, балалармен бірге ойнайды. Сондықтан көңілін қимадым. Жұбайымды да қатты күйік шалған. Оны емдетуге шамамыз жетпеді. Бар күшімізді баламызға жұмсап жатырмыз», - дейді әкесі.
Әбдірахман озат оқушы. Бос уақытында шығармашылықпен айналысып, сурет салғанды ұнатады. Табиғаттағы көріністерді айнытпай бейнелейді. Талантты жастың қолынан шыққан туындыларға қызыққан көпшілік көптеген суреттерін сатып алған. Тіпті, Instagram арқылы шетелдіктер де тапсырыс береді. Тапқан табысын ем-домы үшін әкесіне табыстайды. Басты мақсаты – бетін, түр-әлпетін қайтару. Ол әлемді «Сенім, Үміт және Махаббат құтқарады» деп сенеді. Дегенмен, бозбаланың көзіндегі мұң кез келген адамға бірден көрінеді.
«Қазіргі кезде Әбдірахманның Израильге баратын уақыты таяп қалды. 18 қазан күнге дейін межелі сома жинақталуы тиіс. Құрметті көпшілік! Біз сіздерден көмек күтеміз. Баламыз Әбдірахман үшін ең болмағанда берген қолдауларыңыз, біз үшін үлкен көмек» - дейді әкесі Берік.
Қандай да бір көмек көрсетуге ниетті қазақстандықтар келесі номерлерге хабарласа алады: +7 747 115 31 07; +7 771 213 07 07
