Түркістандық таэквондошылар «Fujairah Open» G-2 рейтингтік халықаралық турнирінде топ жарды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының таэквондошылары «Fujairah Open» G-2 рейтингтік халықаралық турнирінде топ жарды.

Түркістандық таэквондошылар «Fujairah Open» G-2 рейтингтік халықаралық турнирінде топ жарды

Дүниежүзінің жасөспірім спортшылары бас қосқан додада түркістандық спортшы Н.Махмутова +59 келі салмақта сынға түсіп, алтын медальді жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сонымен қатар жастар арасында бағын сынаған Б.Спабек күміс жүлдегер атанды. Аталған додада +51 келіде ел намысын қорғаған Ә.Дүйсенбек күміс алқаны місе тұтты.

Түркістан облысының құрамасында +78 келі салмақта алаңға шыққан Н.Жамшаев қола жүлдегер атанды. Жекпе-жекте талай қарластарымен күш сынасып, тәжірибесін арттырып келе жатқан 44 келі салмақтағы Т.Тұрымбетова қола жүлдені қанағат қылды.

Ал, ересектер арасында 73 келі салмақта еліміздің намысын қорғап келе жатқан түркістандық спортшы А.Орынбасар күміс жүлдегер атанды. Қыздар арасында 62 келі салмақта сынға түскен А.Нұрғазықызы қола жүлдеге ие болды.

Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев Олимпиада ойындарында ең тартысты саналатын спорт түрі таэквондо өңірде жақсы үйретіліп, жаттығу алаңдары көптеп ашылып жатқанын айтады. Қазіргі таңда аудан-қалаларда, қала берді шағын ауылдарда дарынды жастар таэквондоға көптеп қызығушылық танытып, кәсіби тұрғыда шұғылданып жүр.