Түркістандық жүргізушілерден 3 күнде 9,5 млн теңге айыппұл өндірілді
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының ұйымдастыруымен «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ведомствоның мәліметінше, шараның негізгі мақсаты - әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды бақылау, олардың уақтылы орындауын жандандыру. Өңірде борышкерлер мен жол ережесін қасақана бұзушыларды анықтау бойынша полиция және сот орындаушыларынан 60-тан астам мобильдік топ жұмылдырылған.
«Тәртіп сақшылары «Автоураган» жылжымалы кешені мен «Қорғау» жүйесі арқылы 350 мың теңгеге жуық төленбеген әкімшілік айыппұлы бар жүргізушінің «Равон» маркалы автокөлігін анықтады. Полиция борышкердің көлігін айыптұраққа орналастырды.
Жалпы «Борышкер» шарасы кезінде полицейлер 2500-ден астам әкімшілік хаттама толтырды. Борышкер жүргізушілердің 112 автокөлігі айыптұраққа қойылды. Бюджетке 9,5 миллион теңгеге жуық айыппұл өндірілді. Борышкерлердің жұмыс орны бойынша 113 ұйғарым, ал сот орындаушыларына 936 қаулы жіберілді», - деп жазды департаменттен.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін бұзбауға және салынған әкімшілік айыппұлдарды уақтылы төлеуге шақырады.