Түркістандық журналистер су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсетті

БАҚ өкілдері су басқан Жаңатұрмыс ауылының тұрғындарымен кездесіп, олардың қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты. Тасқыннан зардап шеккен 207 адам Ізгілік ауылындағы орта мектепке орналастырылған. Оларға Сарыағаш ауданының мамандары қызмет көрсетіп, бар жағдайды жасауда. Аталған орталықтағылар жатын орын, үш мезгіл ыстық тамақпен қатар киім-кешекпен қамтылған. Әкімдік қызметкерлері тіпті құжаттарын да түгендеп, жоғалтып алғандарын қайта рәсімдеп жатыр. Мұндай қамқорлыққа шалғай ауылдың түрғындары дән риза.
«Топан су келгенде үстіміздегі киіммен шығып кете салдық. Содан қырда екі күн жатып, артынша осында жайғастық. Қазір шүкірлік айтамыз, осында күнделікті еліміздің түкпір-түкпірінен азаматтар келіп, қолдан келген көмегін беріп жатыр. Алла разы болсын. Біздің жағдайымызды сұрап, жылы сөздерін айтуда. Осындай қиын қыстау кезде жылы сөз бізге зор демеу», - дейді Базаркүл Есжанова.
Мұнан соң тілшілер тобы Атакент кентіндегі Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепке барып, ондағы оқушыларға су жаңа теледидарды тарту етті. Қазіргідей қиын сәтте қашықтан білім алып, эвакуациялық орталықты паналаған балалар қуанышқа бөленді. Сондай-ақ, облыстық штаб қоймасының жұмысымен танысып, толассыз келіп жатқан гуманитарлық жүк керуенінің жетекшілерімен тілдесті.
Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ еріктілер клубының жұмысы да журналистер назарынан тыс қалған жоқ. Штаб жиналысына қатысқан Түркістан облыстық Журналистер одағының төрағасы Ғалымжан Елшібай ерікті жастардың қайырымды ісіне алғысын жеткізді. Баспанасы су астында қалған әріптес, Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Дінмұхамед Аязбековке одақ мүшелері атынан қаржылай көмек көрсетті. Журналистер мен еріктілер, блогерлер қатысқан кездесуде ақпарат кеңістігінде обьективті көзқараспен шынайы ақпарат таратудың маңызы айтылды.
«Егер ақпарат дұрыс таралса, елдің бағыт-бағдары да дұрыс дамиды. Бір ғана ақпаратпен елді дүрліктіруге де, сабырға шақырып, басу айтуға да болады. Сол себепті дәл қазіргідей қиын қыстау кезеңде журналистердің ауызбіршілігі мықты болуы керек. Халық патша көңіліне қарай мақтааралдықтарға көмек беруде. Біз де қолдан келгенімізше қол ұшын созып жатырмыз»,-деді Ғалымжан Елшібай.
Бір топ журналистер сондай-ақ 9 мамыр - Жеңіс күніне орай Мырзакент кентінде тұратын соғыс ардагері Сейітмұрат Құзжановтың үйінде болды. Тілшілер қарияны Жеңіс күнімен құттықтап, сыйлық табыстады. Ардагердің жасы тоқсан бесте. Бес ұл-қыз өсіріп, 20 немере, 19 шөбере және 2 шөпшек сүйіп отыр. Әлі де ширақ әрі сергек. Газет оқып, теледидардан жаңалық көруден жаңылмайды. 18 жасында майданға аттанған жауынгер сұрапыл соғыс жылдарын ұмытқан емес. Жеңістің қайсарлықпен келгенін айтады. Соғыс ардагері «Германияны жеңгені үшін» медалімен және «1-2 дәрежелі Отан соғысының» ордендері секілді 17 төсбелгімен марапатталған. Қария бүгінгі ұрпақтың осынау сый-құрметіне ризашылығын білдіріп, журналистерге ақ батасын берді.
Сапар соңында қалам ұстаған қауым Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың қабылдауында болып, тасқын су зардабын жою мен тұрғын үй құрылыс жұмыстарын жүргізу, шығын төлемдерінің қалай жүзеге асатыны туралы сұрап білді.
Өз кезегінде сөз алған аудан басшысы қиын-қыстау кезеңде мақтааралдықтарға қол ұшын созған БАҚ өкілдеріне алғыс айтты.