Түркістандықтар утилизацияға жіберетін көліктерді «домино» әдісімен тиеп жүр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғаламтор желісінде ескі көліктерді бір жүк көлігіне тиеп жатқан адамдардың видеосы жарияланды. Роликтің авторы оны «Түркістанда ескі көліктерді қалай сатып алады?» деген атаумен шығарды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Видеода ескі көліктерді тиеп жатқан ер адамдардың істен шыққан автомобильдерлі «домино» әдісімен жинап жүргенін байқауға болады. Сосын кранның көмегімен машиналарды басып, бес бірдей ескі көлікті бір жүк машинасына тиеп жүр. Арғы жағында тағы бір партия дайын тұр.
Айта кетейік, қарашаның 21-і күні республика бойынша ескі көліктерді утилизациялау бағдарламасы басталған болатын. «ӨКМ (өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) Операторы» ЖШС басқарушы директоры Рустам Темірбековтің айтуынша, жылдың аяғына дейін 10 мың көлікті қабылдау жоспары бар. Оған бюджеттен квота, яғни тиісті қаражат бөлініп отыр. Бағдарлама аясында 3,5 тоннадан аспайтын жеңіл көліктер қабылданады. Ал утилизациялық төлемнің көлемі автомобильдің теxникалық жағдайына қарай белгіленеді. Толық комплектациясына 150 000 теңге берілсе, істен шыққан көліктер үшін 48 000 теңге төленеді. Қазіргі кезде республика бойынша 17 қалада қабылдау бекеттері жасақталды.
Бағдарлама аясында ескі көлікті қабылдау бекетіне дейін жеткізу қызметі қарастырылмаған. Сондықтан көлік иесі оны өз күшімен алып келуі тиіс. Алайда кейбір жерлерде ескі көліктерді жинап, бірден қабылдау бекетіне жеткізуге ниет білдірген кәсіпкерлер бар.