Түркістанға ерекше мәртебе беру шараларын зерделейтін жұмыс тобы құрылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру бағытында зерделеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Бүгін Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы зерделеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмыс тобының алғашқы жиыны өтіп, біршама мәселелер сарапқа салынды.

«Түркістанға ерекше мәртебе беру бастамасы – тарихи шаһар үшін өте маңызды. Ал ол қалай жүзеге асуы керек? Мән-мағынасы, негізгі идеологиялық және экономикалық бағыттары қандай болады? Бұл әбден екшеліп, арнайы құжаттар арқылы ресімделуі тиіс», - деді жұмыс тобының жетекшісі, облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.

Жиында Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру бағытындағы хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды. Мәдениет және туризм басқармасы өкілдерінің ұсыныстары тыңдалды. Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан басталған жұмыстар да баяндалды. Жұмыс тобы құрамына енген басқарма басшылары мен өкілдері, сәулетшілер де пікірлерін айтты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау, «Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру» бойынша ұсыныстар жинақтау жөніндегі бастапқы қадамдар да сараланды.

«Бұл бағытта тарихшылар, археологтер, руханият саласының өкілдері, туризм саласының білгірлері, заңгерлер, ясауитанушылар, сәулетші-архитекторлар мен жалпы Түркістан жанашырларының, ғалымдар мен зерттеушілердің пікірі өте маңызды. Сондықтан, осы бастамаға қатысты өз ойын айтып, үлесін қосамын дейтін қайраткерлердің ұсыныстары жинақталып, алынғаны жөн», - деді Б. Тәжібаев.

Айта кетейік, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарында Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру мәселесін көтерген болатын.

Соңғы жаңалықтар