Түркістанға су жаңа тазалық техникалары берілді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласына су жаңа тазалық техникалары берілді. Аталған көліктердің кілтін салтанатты түрде қала әкімі Әліпбек Өсербаев табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Заманауи үлгідегі жаңа техникалар бір мезетте бірнеше жұмысты атқаруға мүмкіндігі бар. Мәселен, су сепкіш құрылғысы бар автокөлік жаз мезгілінде көшені сыпырып, әрі су сеуіп тазарта алады. Ал, қыстыгүні мұз бен қарды ерітіп тазалайтын қос мүмкіндігі бар. Осылайша, бірнеше жұмысты атқаратын 8 техника енді көне шаһардың тазалығы үшін қолданылмақ. Оларды сатып алуға қазынадан жалпы сомасы 189 млн теңге бөлініп отыр. Кілттерді табыстау рәсімінде қаланың басшысы облыс орталығы мәртебесін алған Түркістанға қойылып жатқан міндеттердің бірі қала тазалығы екенін атап өтті.

«Бүгінде Түркістан шаһары бұрынғы аудан деңгейіндегі қала емес, облыстың орталығына айналған қала болып отыр. Осы бағытта біз бен сізге жүктелетін міндет пен талап өте жоғары. Түркістан үшін қазіргі таңда ең өзекті мәселе қаланың тазалығы, көріктендіру мен абаттандыру жұмыстары. Тазалық жұмысын жандандыру үшін оған қажетті техникалық жабдықтардың санын арттыру негізгі міндеттердің бірі. Бұл бағытта қала әкімдігі тарапынан әрдайым алғышарттар жасалып отырады»,-деді Әліпбек Өсербаев.

Сонымен қатар әкім облыс орталығы Түрікстанның заман талабына сай даму қарқынын одан әрі арттыруға қажетті бағыттарды жетілдіруді және қаланың логистикалық мүмкіндігін арттыруды, сондай-ақ туризм орталығы ретінде дамыту бойынша нақты шараларды жүзеге асыруды қолға алып жатқандығын жеткізді. Алдағы уақытта жұмыс барысында жүктелетін міндет пен талап өте жоғары болатынын ескертті.

Соңғы жаңалықтар