Түркістаннан Ташкентке темір жол салынады – Нұрсұлтан Назарбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркістаннан Ташкентке темір жол салынып, жаңа туристік бағыттар ашылады.

Бұл туралы бүгін ҚР Тұңғыш Президенті— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Qazaqstan» ұлттық арнасындағы «Түркістан: Көне мен келешек көпірі» деректі фильмінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазірдің өзінде Түркістанға 200 мыңдай адам барады. Жол жоқ болса да, қонақүй болмаса да. Биыл Дүниежүзілік стандартта салынған әуежайды салдырдық. Қандай үлкен ұшақ болса да қондыра алады. 3 млн-ға жақын қонақтарды қарсы ала алады. Соның арқасында келем деп отырған түркітектес ағайындар жететін болады.

Қазір көршілермен Түркістаннан Ташкентке теміржол салу жөнінде сөйлесіп жатырмыз, оны да шешеміз. Сонда Самарқан, Бұқара, Ташкент, Шымкент, Түркістан қалаларынан үлкен шеңбер жасалып, туристік жол ашылады. Біздің санағымыз бойынша 2025-2030 жылға қарай 3,5 млн халық келуі керек», - деді Елбасы.

Айта кетейік, «Түркістан: көне мен келешек көпірі» деректі фильмі Н.Назарбаевтың «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы, журналист Ләззат Танысбайға берген сұхбаты негізінде әзірленді. Деректі туынды «Qazaqstan» телернасынан бүгін 20:00-де эфирге шықты.

Бұған дейін Н. Назарбаев «Ел астанасының Түркістанға көшуі мүмкін бе?» деген сұраққа жауап берген еді.


Соңғы жаңалықтар