Түркістанның экс-прокуроры 100 мың доллар мен жер телімдерін пара ретінде алған деп айыпталуда
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістанның экс-прокуроры 100 мың доллар мен 5 жер телімін пара ретінде алған деп айыпталуда. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткен алғашқы сот отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған соттың ресми өкілі Әбинұр Қарабаевтың сөзінше, Түркістанның бұрынғы прокуроры Махат Зұлпыхаров Қылмыстық кодекстің 366 бабы 4 бөлігімен («Пара алу»), ал оның көмекшісі Қылмыстық кодекстің 28 баптың 5 бөлігі «Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi» және 366-баптың 2-бөлігі «Пара алу» бойынша айыпталуда. Алғашқы сот отырысында прокурор айыптау актісін оқыды.
«Зұлпыхаров 100 мың долларды пара ретінде алған деп айыпталуда. Қомақты ақшаны Түркістан қалалық жер-кадастр филиалы директорынан қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін сұраған. Прокурорлар бұл мекемеде тексеру шараларын жүргізу барысында осы директордың заңсыз жер телімін бергенін анықтаған. Мекеме басшысына «егер 100 мың доллар берсең, үстіңнен қылмыстық іс қозғамаймыз. Бұл істі азаматтық тәртіппен сотта қарап, берілген жер телімдерін мемлекет пайдасына қайтарамыз» деп уәде берген»,- деді Әбинұр Қарабаев.
Облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ресми өкілі сондай-ақ бұрынғы қадағалау органы өкілінің пара ретінде жер телімін сұрағанын да айтады.
«Прокурор қалалық жер-кадастр филиалы директоры Көпбаевтан өзіне және туыстарына 10 жер телімін сұрап, оны заңды түрде рәсімдеп беруін талап еткен. Бұл үшін ол өзінің көмекшісі Жүнісбековты тартып, соңғысы таныстары мен туыстарынан бес адамды тапқан. Сөйтіп сол бес адамның атына жер телімдері рәсімделген»,- деді Әбинұр Қарабаев.
Десе де сот отырысында Түркістанның бұрынғы прокуроры қылмысын түбегейлі мойындаған жоқ. Енді екі айыпталушының да қылмыс жасаған, жасамағандары сот барысында анықталатын болады. Бірнеше куәгерлер сұралып, құжаттар тексерілмек.
Айта кетейік, Түркістан қаласының бұрынғы прокуроры ірі мөлшерде пара алды деп ұсталып, уақытша тергеу абақтысына қамалды. Ал оның көмекшісі қылмыс жасауға көмектескен деген күдікпен бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылған. Қазір Махат Зұлпыхаров пен оның көмекшісіне қатысты қылмыстық іс Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралуда.