Түркістанның туризмін дамыту қолға алынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат етушілердің қатары жылдан жылға артып отыр. Екінші Мекке деп есептелінетін тарихи ескерткіштің аумағын абаттандыру, саяхатшыларға қолжетімді қызмет көрсету орталықтарын ашу жоспарлануда, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Түркістанның туризмін дамыту қолға алынды

Осы тұста Батыс Европа-Батыс Қытай халықаралық дәлізінің бойында және Түркістандағы туризмді дамыту мақсатындағы жобаларды аяқтау үшін 103 миллион теңге жоспарлануда. Сонымен қатар, өңірде туризмді дамыту мақсатында туристік ақпараттық орталығы мекемесінің шығындарына, іс-шараларды өткізуге және үлестірме материалдарды әзірлеуге 178,2 миллион теңге қарастырылуда.

Айта кету керек, Түркістанда соңғы 5-6 жыл көлемінде туристерге сапалы қызмет көрсету мақсатында онға тарта нысан бой көтерген. 2013 жылы кесенеге 700 мыңнан астам турист келсе, 2014 жылы 1 млн-ға жуық адам келген. Ал 2015 жылдың 6 айында 594,8 мың турист осында ат басын бұрған. Бұл келушілерге ыңғайлы жағдай мен көрсетілген қызметтің нәтижесі. Қалаға келген туристерді орналастыруға 820 орынды 20 қонақ үйі жұмыс істейді.

Сонымен қатар төрт жұлдызды қонақ үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Қолөнер шеберлері орталығының ғимаратында Туристік ақпараттық орталығы құрылып жұмысын бастап жатыр. 2016 жылдың  сегіз айында  қалаға 751,1 мың турист пен зияратшылар, оның ішінде 12,2 мың адам алыс, жақын шетелдерден келген ( 2015 ж. 8 айда 740,7 мың адам, оның ішінде шетелден- 11,5 мың адам).