«Түркітілдес елдердің ақпараттық кеңістігі бір-біріне жақындауы тиіс» – республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 22 желтоқсан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Қуатты елдің қадамы да қарышты» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Онда Қазақстанда бір жылда 152 индустриялық жоба іске қосылғаны айтылады. «Ақиқатында биыл бастау алған индустрияландыру бесжылдығының алғашқы жылы еліміздің өркениет биігінен лайықты орын алатын әлеуетті де дамыған державаға лайық қадам жасағандығын паш етті. Міне, осы бір қарышты қарқынмен даму үрдісіне Мемлекет басшысының өзі сәттілік тілеп, бір мезетте 80 ірі индустриялық нысанның тұсауын кескендігі де айқын дәлел болса керек. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында еліміз бойынша жалпы құны 380 миллиард теңгеден асатын 72 ірі өндіріс нысаны пайдалануға беріліп, 12 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Енді міне, екінші жартыжылдықта жалпы құны 450 миллиард теңгеден асатын 80 ірі инвестициялық жоба іске қосылып, тағы да 12 мың жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Бір жылдың ішінде 152 ірі индустриялық-инновациялық жобаны іске қосу бұрын-соңды ешқандай мемлекет тарихында болып көрмеген құбылыс», -делінген мақалада.
Сондай-ақ «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында «Алтын сапа» сыйлығы озғандарға беріледі» атты мақала басылды. Мақалаға кеше Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алтын сапа» және «Парыз» конкурстарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысқандығы арқау болған. «Нұрсұлтан Назарбаев «Алтын сапа» және «Парыз» конкурстарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. «Алтын сапа» сыйлығы өнімдер немесе қызмет көрсету сапасы саласындағы жақсы нәтижеге қол жеткізгені, олардың қауіпсіздігігін қамтамасыз етуде, сондай-ақ мекемелерге заманауи менеджмент жүйесін енгізгені үшін конкурстық негізде беріледі. Жыл сайын өткізілетін «Парыз» конкурсының мақсаты өз жұмысшылары мен қоғам үшін әлеуметтік мәселелерді шешетін жекеменшік кәсіпкерлік субъектілерін ынталандыру болып табылады», - делінген мақалада.
***
Ал «Айқын» басылымының бүгінгі санында Елбасының тікелей қатысуымен өткен телекөпірде көтерілген мәселелерге байланысты «Жаңа жоба жаңа зауыт» атты мақала жарияланды. Онда Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында бұрғылау ерітінділерін шығаратын зауыт ашылғандығы айтылған. «Аудан іргесінен пайдалануға берілетін бұл нысан - еліміз бойынша бұрғылау ертінділерін шығаратын алғашқы жоба. Зауыттың құрылысы 2009 жылы басталып, осы жылдың ІІІ тоқсанында аяқталған. Зауыт әзірге 30-дан астам адамды жұмыспен қамтымақ. Бұл саланың тілін біліп, игеру үшін де жергілікті мамандар білім алып, оқытылмақ», - дейді мақала авторы.
Сондай-ақ аталмыш басылымның хабарлауынша, кеше Түркия Үкіметінің Ақпарат және баспасөз басқармасының ұйымдастыруымен «Түркітілдес елдердің медиа форумы» басталды. Осы басқосуда «Айқын» газетінің Бас редакторы, Президент сыйлығының иегері Нұртөре Жүсіп баяндама жасаған. Бұл жиын жайлы толық білгіңіз келсе «Түркітілдес елдердің ақпараттық кеңістігі бір-біріне жақындауы тиіс» атты мақалаға зер салыңыз.
***
«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Арал да «Барсакелместің» соңынан кетіп қалмай ма» деген тақырыппен проблемалық мақала жарияланды. Мақала авторының жазуынша, Арал теңізі маңындағы мемлекеттердің экономикасы алға басуы үшін, экономиканың барлық салалары тұрақты жұмыс жасап тұруы үшін, су ресурстарымен қамтамасыз етілуі қажет. Ал ол үшін Орталық Азия мемлекеттері арасында суды тиімді пайдалануға негізделген халықаралық ынтымақтастық қажет. «Өзім білем» деп өзбек өзеуресе, бұған Қырғызстан қырсығып алса, нәтиже оңды болады деп ойламаймыз», дейді автор. Мақалада атап өтілгеніндей, бүгінде Аралға құятын өзендердің ағыны жыл өткен сайын азайып барады. Бұған су бассейіндерінің маңындағы халықтың өсуі, сондай-ақ ауыз су және суармалы су тұтынушыларының артуы себеп болып отыр. Соның салдарынан теңіз маңындағы шаруашылық зардап шегуде. Жыл өткен сайын егістік алқаптардың көлемі тарылып келеді, нәтижесінде өнімнен түсетін пайда азайып, экономикалық өсім құлдыруда.
Сондай-ақ «Алаш айнасының» бүгінгі санында «Келесі жылы зейнетақы мөлшері 30 пайызға артады», деген тақырыппен мақала басылды. Мақала авторының айтуынша, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев таяуда еліміздегі зейнетақы көлемінің артуына ықпал ететін өзгерістер мен түзетулер енгізілген «ҚР зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңға қол қойды. Ол бойынша енді еліміздегі ең төменгі зейнетақы мөлшері - 24 047 теңгені, орташасы 35 950 теңгені, ал ең жоғарғысы 52 226 теңгені қамтитын болады. Бұл - бүтін базалық зейнетақы төлемі немесе ең төменгі күнкөріс көлемінің 50 пайыз деңгейі бойынша жасалып отырған есеп.