Түркия 15 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіні шектемек

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияда 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салынады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Түркия 15 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіні шектемек
Фото: DW

Тиісті ереже бүгін Түркияның ресми басылымында жарияланды. Құжат бойынша 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынады.

Жас мөлшері e-Devlet электронды мемлекеттік қызметтер жүйесі арқылы берілген құжат негізінде тексеріледі. Ал 15 жасқа толмаған балалардың аккаунт ашу туралы өтініштері қабылданбайды.

15 жастан асқан пайдаланушылардың аккаунттары әдепкіде жабық болады. Оларға тікелей эфир жүргізуге және жекелендірілген жарнама көрсетуге тыйым салынады. Сондай-ақ платформаларда желіде отыру уақытын ұзартуға бағытталған шексіз лента қолданылмайды.

Балаларға өздері жазылған аккаунттардан ғана хабарлама жіберуге рұқсат етіледі. Сондай-ақ олардың жазылушылары мен жазылымдары туралы мәліметтер өзге қолданушыларға көрінбейді.

Әлеуметтік желілер ата-аналарға баласының аккаунтын басқаруға, желіде өткізетін уақытын шектеуге және ақылы қызметтерді пайдалануына рұқсат беруге тиіс.

Жаңа ережелер 2026 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енеді. Қолданыстағы аккаунттардың жасын тексеру 2027 жылғы 31 наурызға дейін аяқталуға тиіс. Ал 15 жасқа толмаған балалардың аккаунттары бұғатталады.

Бұған дейін Түркияда әлеуметтік желілерге қатысты талап күшейіп жатқанын хабарлаған едік.