Түркия академияларында сириялық әскери қызметкерлерді оқытуды бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Түркия сириялық әскери қызметкерлерді өз елінің әскери оқу орындарында оқыту бағдарламасын іске қосты. Бұл Анкара мен Дамаск арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі болып саналады.

Турция начала обучение сирийских военных в своих академиях
Фото: SANA

Түркия Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, сириялық әскери қызметкерлер Түркияның қарулы күштеріне қарасты полигондар мен казармаларда дайындықтан өтуде. Сонымен қатар, 49 сириялық курсант құрлық әскерлері, әскери-әуе және әскери-теңіз күштерінің академияларында оқуға кірісті.

Бағдарлама Түркия мен Сирия арасында биыл тамызда қол қойылған әскери ынтымақтастық және кеңес беру жөніндегі келісім аясында жүзеге асырылып отыр. Құжатқа сәйкес, сириялық тарапқа қару-жарақ пен әскери техника беріліп, елдің қорғаныс әлеуетін арттыру мақсатында жеке құрамды даярлау көзделген.

Анкараның хабарлауынша, бұл оқу бағдарламасы Сирия қарулы күштерінің әлеуетін арттыруға бағытталған. Оқыту аяқталғаннан кейін курсанттар өз елдеріне оралып, ұлттық армияда қызметін жалғастырады.

Аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының дерегінше, Түркия алдағы уақытта шамамен 5 мың сириялық әскери мен полиция қызметкерін даярлауды жоспарлап отыр, ал ұзақ мерзімде бұл көрсеткіш 20 мың адамға дейін жетпек. Бұл Сирия армиясын реформалау және көрші елдегі Түркия ықпалын нығайту стратегиясының бір бөлігі болып саналады.

Өткен жылдың соңында Башар Асад режимі құлағаннан кейін Түркия Сирияның уақытша президенті Ахмад аш-Шараа басқарып отырған жаңа үкіметтің негізгі одақтасына айналды. Анкара Дамаскке әскери, саяси және дипломатиялық қолдау көрсетіп қана қоймай, инфрақұрылымды қалпына келтіру және мемлекеттік институттарды реформалау ісіне де қатысып отыр.

Сарапшылар Түркияның сириялық әскерилерді дайындауға белсене қатысуын Анкараның Таяу Шығыстағы ықпалын күшейту ниетімен байланыстырады.

Бұған дейін хабарланғандай, Түркия мен Сирия әскери ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын.

Соңғы жаңалықтар