Түркия алдағы 10 жылда электр энергиясын тұтынуды 50 пайызға арттырмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған елдің 2053 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғанын мәлімдеді. Осы жоспар аясында елде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және атом электр станцияларының санын арттыруға басымдық берілмек. Бұл туралы ол Антальяда өткен COP31 климаттық конференциясы аясындағы бизнес-форумда айтты.

Түркия алдағы 10 жылда электр энергиясын тұтынуды 50 пайызға арттырмақ
Фото: Анадолы

Дамыған елдерге үндеу

Ердоғанның айтуынша, жаһандық көміртегі бюджетінің негізгі бөлігін пайдаланып қойған дамыған мемлекеттер парниктік газдар шығарындыларын азайту мен климаттық шараларды қаржыландыруға көбірек жауапкершілік алуы керек.

Ол климаттың өзгеруінен ең көп зардап шегіп отырған дамушы елдерге қолдау көрсетудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ климаттық дағдарыспен күресте тек мемлекеттер ғана емес, бизнес өкілдері де белсенділік танытуы қажет екенін айтты.

Түркия энергетиканы жаңғыртады

Түркия президенті елдің жасыл экономикаға көшу бағытын жалғастыратынын жеткізді. Бұл ретте энергетика, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларын қайта жаңғырту көзделіп отыр.

«Біздің басты мақсатымыз – климаттың өзгеруімен күресе отырып, өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру», – деді Ердоған.

Оның айтуынша, Түркия жел, күн және су энергетикасына инвестиция салуды жалғастырып, атом электр станцияларының санын да көбейтеді.

Электр энергиясын тұтыну 50 пайызға артуы мүмкін

Ердоған Түркияның энергетикалық ресурстар импортына жыл сайын ондаған миллиард доллар жұмсайтынын атап өтті. Сондықтан ел өз ресурстарын барынша тиімді пайдалануға ниетті.

Президенттің мәлімдеуінше, алдағы 10 жылда Түркия электр энергиясын тұтыну көлемін кемінде 50 пайызға арттыруды жоспарлап отыр.

Климаттық саясаттың жаңа жоспары

Түркия 2021 жылы Жасыл келісім бойынша іс-қимыл жоспарын әзірлеген. Құжат мемлекеттік органдар мен жеке сектордың қатысуымен экологиялық трансформацияның негізгі бағыттарын айқындайды.

Ердоғанның айтуынша, бұл жоспар жаңартылып, 2026–2030 жылдарға арналған жаңа кезеңді қамтыған.

Түркияға 5,1 млрд доллар инвестиция тартылады

Форум барысында төрт ірі даму банкімен жалпы сомасы 5,1 млрд доллар болатын 10 келісімге қол қойылған.

Президенттің сөзінше, қаражат ауыл шаруашылығын, экспорттаушыларды, шағын және орта бизнесті, сондай-ақ елдің даму жобаларын қолдауға бағытталады.

Ердоған халықаралық инвесторлар мен қаржы институттарының Түркияға деген сенімі артып келе жатқанын да атап өтті.

Айта кетейік, Түркия БҰҰ-ның COP31 климаттық конференциясын алғаш рет өткізіп отыр.