Түркия Армениядағы ескі АЭС-ті жабуды талап етті

Түркияның Ұлы ұлттық жиналысы отырысында Арменияда Түркия шекарасынан 16 шақырым қашықтықта орналасқан Мецамор АЭС-іне қатысты шара қабылдау талабы айтылды. Түркия парламенті АЭС пайдалану мерзімінің аяқталуына байланысты тұтас өңір үшін қауіп төндіретінін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркияның Anadolu мемлекеттік ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Мецамор
Фото: zerkalo.az

«Атом электр станциясын жабу Арменияның айрықша құзырында. Алайда, Армения құрамына кіретін Ядролық қауіпсіздік туралы конвенцияның, Ядролық қауіпсіздік жөніндегі конференцияның және басқа да тиісті алаңдардың шолу кеңестерінде бұл атом электр станциясының табиғи апаттар жиі болатын аймақта орналасқаны айтылуда. АЭС біздің шекарамызға өте жақын салынған, ескі технология бойынша қолданылады. Станция тұтас аймақ үшін қауіп факторы болып отыр. Біздің еліміз бұл сын-қатер туралы МАГАТЭ-нің бас конференцияларында да мәлімдеп жүр және халықаралық қоғамдастыққа қажетті үндеу жолдайды. Біздің аймақ пен әлемге екінші Чернобыль қажет емес. Мецамор атом электр станциясы жабылуы керек. Осыған байланысты бұл мәселе еліміздің назарында болады», – дейді Түркия Сыртқы істер министрлігі.

Ресей, АҚШ және Жапония осы уақытқа дейінгі атом электр станцияларындағы апаттар саны бойынша алғашқы үш орынды иеленді. АЭС-те тіркелген 27 апаттың бесеуі АҚШ-та, төртеуі Ресейде және төртеуі Жапонияда болған.
Құрылысы 1970 жылы басталған Мецамор атом электр станциясында екі реактор бар, олардың бірі 1976 жылы, екіншісі 1980 жылы пайдалануға берілген. Екі реактор да 1988 жылы болған Спитак жер сілкінісінен кейін 1989 жылы тоқтатылды, бірақ № 2 реактор 1995 жылы жөндеу жұмыстарынан кейін қайта іске қосылды. Реактордың қызмет ету мерзімі 2005 жылы аяқталды. 2021 жылғы тамызда жүргізілген жөндеу жұмыстары арқылы пайдалану мерзімі 2026 жылға дейін ұзартылған.
Түркия Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке бұрынғы КСРО кезінде салынған атом электр станциясының қызметін уақытша тоқтату туралы өтініш жасады. Еуропалық Одақ та станцияны жабуды талап етуде, өйткені ол сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан және технологиялары ескірген.