Түркия армяндар геноцидін танығаны үшін Швециядан елшісін шақыртып алды
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат - Швеция парламенті Осман империясы дәуіріндегі армяндар геноцидін тану туралы қарарды қабылдағаннан кейін Түркия консультация үшін Стокгольмдегі елшісін шақыртып алды. Бұл туралы Түркия Премьер-Министрі Реджеп Ердоғанның мәлімдемесінде айтылып отыр.
Р.Ердоған сонымен бірге, наурыздың 17-сіне жоспарланған Стокгольмге сапарын кейінге қалдыратынын мәлім етті, деп хабарлайды ВВС телекомпаниясы.
1915 жылғы Осман империясындағы армяндар геноцидін тану туралы қарарды швед парламенті кеше 1 басым дауыспен қабылдады. Осының алдында ғана Швецияда сапармен болған түрік парламентінің делегациясы, бұл қарардың қабылдануы швед-түрік қарым-қатынастарына зиян келтіруі мүмкін екенін ескерткен болатын.
Айта кету керек, осыдан бірнеше күн бұрын АҚШ Конгресі өкілдер палатасының сыртқы істер жөніндегі комитеті де 1915 жылы болған оқиғаны армян халқының геноциді деп тану туралы қарар қабылдаған болатын. Осыдан кейін Түркия АҚШ-тан елшісін консультация үшін шақыртып алған еді.
Естеріңізге сала кетейік, бұл жерде 1915-1918 жылдары болған оқиғалар туралы сөз болып отыр. Дегенмен, бүгінде бұл мәселеге қатысты тарихшылардың пікірлері әртүрлі екенін айта кету керек.