Түркия аса ауыр қылмыс жасаған Р. Әлиевті Қазақстанға экстрадициялады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркия Республикасының Әділет министрлігі қазақстандық азамат Руслан Әлиевті ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін ұстап беру туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өтінішін қанағаттандырды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады.
«Қылмыстық қудалау органы Руслан Әлиевті қарақшылықпен байланысты аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін кінәлап отыр.
Ол қылмыс жасаған соң тергеуден жасырынып жүрген және осыған байланысты халықаралық іздеуге салынған. Оны Түркия Интерполы Анталья қаласында ұстады.
Анталья қаласының Жоғары соты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының аталған тұлғаны ұстап беру туралы өтінішін қанағаттандырды.
Айыпталушы сот қадағалау сатыларына бірнеше мәрте шағымданған, бірақ түріктер тарапынан бұл өтініштер қанағаттандырусыз қалдырылып, оны Қазақстан Республикасына беру туралы шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Екі елдің құқық қорғау органдарының жедел әрі тиімді ықпалдастығының нәтижесінде Руслан Әлиев Қазақстан Республикасына экстрадицияланды», - деп жазылған хабарламада.