Түркия ASTRALINK әскери спутниктік желісін дамытып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл спутниктік байланыс негізінен төмен орбитадағы спутниктер арқылы қорғалған әскери байланыс орнатуға бағытталған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі. 

Түркия ASTRALINK әскери спутниктік желісін дамытып жатыр
Фото: netdergi.com.tr

Түркияның қорғаныс өнеркәсібі компаниясы ASELSAN әскери байланысқа арналған Жерге жақын төмен орбитадағы (LEO) спутниктер желісін құруды көздейтін ASTRALINK жаңа жобасын таныстырды. Жоба таныстырылымы 5-9 қазан аралығында Антальяда өтіп жатқан Халықаралық астронавтика конгресіне (IAC 2026) орайластырылды.

Әзірлеушілердің жоспарына сәйкес, ASTRALINK спутниктік байланысты әскери 5G/6G желілерімен біріктіріп, жерүсті инфрақұрылымы жоқ немесе шектеулі аймақтарда қорғалған әрі тұрақты байланыс орнатуды қамтамасыз етуі тиіс. Жоба ASELSAN мен Түркияның Қорғаныс өнеркәсібі басқармасы 2026 жылғы мамырда келісімшарт жасасқан ауқымды GÖKBAĞI бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

ASTRALINK құрылымы белгілі бір деңгейде Starlink жүйесіне ұқсайды, өйткені ол біртұтас желіге біріктірілген көптеген төмен орбиталық спутникті пайдалануды көздейді. Сонымен қатар бұл жоба халыққа арналған коммерциялық спутниктік интернет қызметін құруды көздемейді. Жүйенің негізгі мақсаты – әскери бөлімдерді, басқару орталықтарын және басқа да пайдаланушыларды, соның ішінде шалғай аудандарда және жерүсті желілері болмаған жағдайда, қорғалған байланыспен қамтамасыз ету.

Функционалдық мақсаты жағынан түркиялық жоба мемлекеттік және ұлттық қорғаныс міндеттеріне арналған SpaceX компаниясының америкалық Starshield жүйесіне көбірек ұқсайды. Бұл ретте ASELSAN спутниктік құрамдас бөлікті, жерүсті инфрақұрылымды, терминалдар мен әскери байланыс технологияларын ұлттық бақылауда болатын бірыңғай жүйеге біріктіруге ұмтылып отыр.

Бұған дейін Түркия Айға ұшу миссиясына арналған аппаратты әзірлеуді аяқтағаны хабарланған болатын. Түркияның ғарыш аппаратын 2027 жылдың басында ұшыру жоспарланып отыр.