Түркия азаматын өлтірген қылмыскерлер құрықталды - ІІМ
АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрлігі мен Астана қалалық ішкі істер департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері Астана қаласында Түркия азаматының өліміне қатысты қылмысты ашты.
Бұған дейін аталмыш қылмыс бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының екі тұрғыны ұсталған болса, өткен аптада қылмысқа қатысы бар тағы бір күдікті - 20 жастағы Ақмола облысының тұрғыны құрықталды. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен брифинг барысында ведомствоның баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Еске салсақ, 24 шілдеде Астана қаласы маңындағы Заречный кентіндегі шұнқырда зорлап өлтіру белгілері бар 43 жастағы Түркия азаматының мәйіті табылған болатын. Түркия азаматы құрылыс саласында кәсіпкерлік қызметпен айналысып келген. Осыған орай, кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қылмыс жасағаны үшін Оңтүстік Қазақстан облысының 20-25 жастағы екі тұрғыны, кейіннен Ақмола облысының 20 жастағы тағы бір тұрғыны ұсталды. Күдіктілер жәбірленушінің кәсіпорнында жұмыс істеген болып шықты. Қылмыскерлердің кәсіпкердің қомақты қаржысын иемденгісі келгені анықталды. Осы мақсатта олар жәбірленушіні ұрлап, кейін оны өлтіруді алдын ала жоспарлаған. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, қасақана кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде.
Қылмысқа қатысушыларды іздестіру бойынша іс-шаралар қолдануда.