Түркия халқы қартайып барады: балалар саны азайып, егде жастағылар көбейген
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияда халықтың қартаю үрдісі жалғасып келеді. Елдегі балалардың үлесі 20,4%-ға дейін төмендесе, 65 жастан асқан тұрғындар саны рекордтық 11,1%-ға жетті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлайды.
Түркияның Статистика институты (TÜİK) жариялаған 2026 жылдың екінші тоқсанындағы деректерге сәйкес, ел халқының жас құрылымында айтарлықтай өзгеріс байқалады. 15 жасқа дейінгі балалардың үлесі азайып, егде жастағы тұрғындардың саны артқан.
Түркияның Karar басылымы жазғандай, 0-14 жас аралығындағы балалардың үлесі 20,4%-ды құраған. 2000 жылдардың басында бұл көрсеткіш 30%-ға жуық болған еді. Бұл ретте туу коэффициенті халық санының табиғи өсуін қамтамасыз ететін меже — 2,1-ден төмен түсті.
65 жастан асқан тұрғындардың үлесі 11,1%-ға жетіп, тарихи рекорд жаңарды. Ал қарт адамдар коэффициенті 16,2%-ды құрады, бұл еңбекке жарамды әр 100 адамға шамамен 16 қарт тұрғыннан келетінін білдіреді.
Түркия халқының орташа жасы 34,9 жасқа дейін өсті. Ерлерде бұл көрсеткіш 34,2 жасты, әйелдерде 35,7 жасты құрады. Ал 2000 жылы халықтың орташа жасы небәрі 24,8 болған, яғни 26 жылда бұл көрсеткіш 10 жылдан астам уақытқа өскенін көруге болады.
Ерлер мен әйелдер арасындағы айырмашылық әсіресе егде жастағы топтарда айқын байқалады. 65-69 жастағы тұрғындар арасында ерлер саны шамамен 1,6 млн болса, әйелдер 1,7 млн-нан асады. 75-79 жастағы тұрғындар қатарында 755 мыңға жуық ер адам және 1 млн-нан астам әйел бар. 90 жастан асқандар арасында да әйелдер басым: ерлер саны шамамен 77 мың болса, әйелдер 180 мыңға жуықтайды.
Түркия халқының 68,5%-ы, яғни шамамен 59,1 млн адам — еңбекке қабілетті тұрғындар. Бұл санатқа 15-64 жас аралығындағы азаматтар жатады. 2000 жылы олардың саны 43,7 млн адам болған. Сол кезеңде ел халқының жалпы саны 67,8 млн адамға жеткен.
Статистикалық деректер Түркия халқының жас құрылымындағы тұрақты үрдісті көрсетеді: балалардың үлесі азайып, егде жастағы тұрғындар саны артып келеді. Бұл демографиялық өзгерістер алдағы жылдары зейнетақы жүйесін, денсаулық сақтау саласын және еңбек нарығын халықтың қартаю үдерісіне бейімдеуді талап етеді.
Бұған дейін Түркияда баласы мектепке баратын ата-аналарға үш сағатқа дейін демалыс берілетіні айтылды.
Ақзат Жиеналина