Түркия Қазақстанның Орта дәлізді дамыту бастамасын қолдады

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орта дәлізді TRIPP көлік бастамасымен интеграциялау жөніндегі ұсынысына қолдау білдірді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Түркияның Анкара қаласындағы меншікті тілшісі хабарлайды.

Түркия Қазақстанның Орта дәлізді дамыту бастамасын қолдады
Фото: Ақжігіт Чукубаев/Kazinform

Түркияның билеуші Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары, Түркі мемлекеттерімен байланыс басқармасының басшысы Күршад Зорлудың пікірінше, Қазақстанның бастамасы Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланысын нығайтуға, соның нәтижесінде Орта дәліздің халықаралық транзиттік бағыт ретіндегі маңызын арттыруға ықпал етуі мүмкін.

Еске салайық, Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Әзербайжанның сегізінші консультативтік кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев Орта дәлізді TRIPP көлік бастамасымен ықпалдастыру мәселесін сарапшылар деңгейінде талқылауды ұсынған болатын.

— Өңірлік қақтығыстар мен олардың салдарынан туындаған экономикалық және энергетикалық тұрақсыздық жағдайында түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызы арта түседі, — деді Күршад Зорлу Түркияның Кожаэли провинциясында өткен Түркі әлемі жастарының кездесуінде.

Саясаткердің айтуынша, Нахчыван бағытындағы көлік инфрақұрылымын дамыту, соның ішінде теміржол салу контейнерлік тасымал мүмкіндіктерін кеңейтуге және гуманитарлық операцияларды жүзеге асыруға жол ашады.

Бұған дейін Түркі әлемі жастарының кездесуі «Ортақ мұра — біртұтас жүрек» ұранымен өткені хабарланған болатын.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ Консультативтік кездесуіне қатысты.

Сонымен қатар, Президент Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ Консультативтік кездесуінде жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталды.