Түркия қолма-қол ақшасыз төлем жүйесіне көшті
АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркияда қолма-қол ақшаны пайдалану айтарлықтай қысқарды, деп хабарлайды Kazinform.

Түркияда 2024 жылы дебеттік және несиелік карталарды пайдалану 86 пайызға артып, 14,87 триллион түрік лирасына (шамамен 420 миллиард доллар) жетті.
Белгілі болғандай, төлемдердің негізгі өсімі супермаркеттердегі, сауда орталықтары мен интернет-дүкендердегі сатып алулардан түскен.
Барлық төлемнің 29 пайызын онлайн транзакциялар құраған, бұл елдегі электронды коммерцияның қарқынды дамығанын көрсетеді. Бұған 2020 жылы COVID-19 пандемиясы әсер етті, ол қолма-қол ақшасыз төлемдерге көшуді жылдамдатты.
Елдегі белсенді төлем карталарының саны өткен жылдың соңында рекордтық деңгейге жеткен. 2024 жылдың қараша айындағы жағдай бойынша айналыста 128,93 миллион несие картасы және 193,45 миллион дебеттік карта болды.
Түрік тұтынушылары ыңғайлылық, қауіпсіздік және банктер ұсынатын көптеген бонустың арқасында көбірек электронды төлем әдістерін таңдаған.
Қолма-қол ақшаны пайдалануды азайтуға бағытталған бұл үрдіс түрік қоғамының жаһандық қаржылық өзгерістерге бейімделуге және цифрлық экономиканы құруға деген ұмтылысын көрсетеді.
Бұған дейін Түркияның орталық банкі ұзақ уақыттан бері алғаш рет пайыздық мөлшерлемелерді төмендеткенін жазған болатынбыз.
Сонымен қатар, Түркияның Орталық банкі жалған шетел валютасы айналымына жол бермеу үшін жаңа техникалық шаралар енгізіп, құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықты нығайтып жатыр.