2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Түркия Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстанға көңіл айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты Қазақстанға көңіл айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Түркия Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстанға көңіл айтты
Фото: Kazinform

Түркияның биліктегі Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары, Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі жауапты Күршат Зорлу Қазақстанның басына түскен қайғы бауырлас Түркия халқының да ортақ қайғысы екенін айтты.

Қазақстанда жарияланған Жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты ол қаза тапқандардың отбасылары мен әріптестеріне, сондай-ақ барша қазақ халқына көңіл айтты.

— Қаза болғандардың рухына тыныштық, артында қалған туған-туыстары мен жақындарына сабыр тілеймін. Қайғыларыңызға ортақпын, — делінген үндеуде.

Сондай-ақ қиын-қыстау күндері Түркия мен Қазақстан бір-біріне қолдау көрсетіп, өзара ынтымақтастығын одан әрі нығайта беретіні атап өтілді.

Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға байланысты шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйым жетекшілерінен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа көңіл айту жеделхаттары әлі де келіп жатыр.