Түркия мен АҚШ шағын модульдік реакторлар бойынша келісімге қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия мен АҚШ шағын модульдік және төртінші буын реакторларын дамыту мүмкіндіктерін зерттеуге арналған грант бөлу туралы келісімге келді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Турция и США подписали соглашение по малым модульным реакторам
Фото: Anadolu

Түркияның Энергетика және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Нью-Йоркте елдің мемлекеттік энергетикалық компаниясы TUNAS пен АҚШ-тың Сауда және даму агенттігі (USTDA) тиісті құжатқа қол қойды.

Түркияның Энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактардың айтуынша, жоба аясында заманауи ядролық технологияларды қолданудың техникалық, экономикалық және құқықтық мүмкіндіктері жан-жақты зерттеледі. Оның ішінде шағын модульдік реакторлар (SMR) мен төртінші буын реакторларының әлеуеті бағаланады.

Министрдің сөзінше, бұл жұмыстар Түркияның энергетикалық теңгерімді әртараптандыру және энергетикалық тәуелсіздігін күшейту мақсатымен үндес. Ел 2053 жылға қарай көмірқышқыл газы шығарындыларын барынша азайтуды көздеп отыр.

— Еліміздің мақсаты — энергетикалық теңгерімді әртараптандырып, ірі атом электр станцияларымен қатар, заманауи әрі орнықты энергетикалық инфрақұрылымды қалыптастыруды жалғастыру, — деді Түркия министрі.

Келісім аясында Түркия әртүрлі технологиялық шешімдерді зерттеп, елдің энергетикалық қажеттіліктеріне барынша сай келетін нұсқаларды айқындайды.

Бұған дейін Түркияның оңтүстігінде елдегі алғашқы «Аккую» атом электр станциясының құрылысы аяқталуға жақын екенін хабарлаған едік.