Түркия мен Қазақстанның инженерлік қауымдастықтары ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия мен Қазақстанның инженерлік қауымдастықтары арасындағы байланысты нығайтып, жас мамандарды салаға тарту көзделіп отыр. Бұл туралы ASHRAE ұйымының Түркиядағы бөлімшесінің мүшесі, ASHRAE Turkish Chapter басқармасының 2026–2027 жылдардағы хатшысы Ханде Актен Чёл Астанада өткен халықаралық конференцияда айтты.

Түркия мен Қазақстанның инженерлік қауымдастықтары ынтымақтастықты дамытуға мүдделі
Фото: Kazinform

Ханде Актен Чёл кәсіби инженерлік қауымдастықты қалыптастырудағы Түркия тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, Түркияда ASHRAE техникалық мамандардың халықаралық кәсіби ортамен байланыс орнатуына мүмкіндік беріп отыр.

— Түркияда ASHRAE техникалық қауымдастық пен халықаралық кәсіби желі арасындағы байланысты жақсы жолға қойған. Қазақстанда да студенттер, инженерлік қауымдастық пен өндіріс өкілдері арасында осындай тиімді ынтымақтастық орнатуды мақсат етіп отырмыз, — деді Ханде Актен.

Оның сөзінше, ASHRAE жылыту, желдету және ауаны баптау саласындағы мамандардың халықаралық тәжірибе алмасуына жағдай жасайды. Ұйым үшін мемлекеттік құрылымдармен байланыс орнату да маңызды.

Бұдан бөлек, ол Қазақстандағы деректер орталықтары нарығының даму мүмкіндігіне де тоқталды. Ол еліміздің бұл саланы дамытуға дайын екенін айтып, ең алдымен жастарды инженерлік мамандықтарға тарту қажеттігін атап өтті.

— Менің ойымша, Қазақстан бұған дайын. Ең маңыздысы — студенттермен белсенді жұмыс істеу. Біз жастарды осы салаға көбірек тартқымыз келеді. Ол үшін түрлі техникалық конференциялар өткіземіз. Мәселен, келесі жылдың сәуірінде осындай ауқымды конференция ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл қазақстандық мамандардың кәсіби дамуына да ықпал етеді, — деді ол.

Ханде Актен Чёл ASHRAE қауымдастығында тәжірибелі оқытушылар мен сарапшылар бар екенін, олардың қазақстандық әріптестеріне кәсіби қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Конференция барысында деректер орталықтарын салқындату мәселесіне де назар аударылды. Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект, цифрлық экономика мен бұлтты технологиялардың қарқынды дамуы деректер орталықтарының көбеюіне ықпал етіп отыр. Ал олардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін сенімді инженерлік инфрақұрылым, әсіресе тиімді салқындату жүйелері қажет.