Түркия мен Ливия өзара сауда көлемін жылына $10 дейін жеткізуді жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Тараптар түркиялық өнеркәсіп және коммерциялық тауарларды тасымалдау үшін еркін сауда аймағын құруға келісті, деп хабарлайды Анадолы.

Ливияның экономика және сауда министрі Мохаммед Хувейдж Түркияның сауда министрі Омер Болатпен Триполиде болған келіссөздерден соң екі ел арасындағы өзара сауда көлемін 10 миллиард долларға жеткізуді жоспарлап отырғанын атап өтті.
- Кездесу қорытындысы бойынша біз осыған дейін жасалған өзара түсіністік туралы меморандумдар мен келісімдерді халықаралық экономикалық оқиғаларға байланысты қайта қарау қажет деп шештік, - деді Хувейдж.
Оның сөзінше, түркиялық министрмен кездесу Түркия мен Ливия арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастықтың жаңа үлгісін жасауға арналды.
Хувейдж, Болат пен Ливияның Орталық банкінің басшысы үшжақты кездесу өткізіп, Анкара мен Триполи арасындағы экономикалық байланыстардың даму барысын сөз етті.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша, тараптар ескі жобаларды жаңғыртып, түркиялық компаниялардың өз бизнесіне оралуы, банктік кепілдік проблемаларын шешу сияқты мәселелер бойынша келісімге келді.
- Осы бағытта түркиялық және ливиялық компаниялар бетпе-бет келіп жүрген проблемаларды бақылау мен серіктестікке қол жеткізу мәселелерін қадағалап отыратын бірлескен экономикалық комитет құрдық, - деді Ливия министрі.
Қазіргі таңда екі ел арасындағы сауда көлемі 3,7 млрд долларға жетті.
Осыған дейін Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Түркиямен парламентаралық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екеніміз туралы айтқан еді.