Түркия мен Сирия сауда қатынастарын дамытатын жол картасын іске асыруға кірісті
АСТАНА. KAZINFORM – Түркия мен Сирия екі ел арасындағы экономикалық байланысты қалпына келтіруге бағытталған маңызды қадамдарды қамтитын сауда қатынастарының жол картасын жүзеге асыруға кірісті.

Түркияның Сауда министрлігі Омер Болаттың мәлімдемесіне сәйкес, кедендік баж салығын төмендету және еркін сауда келісімін қалпына келтіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
2024 жылы 8 желтоқсанда Сириядағы бұрынғы режим құлағаннан кейін Анкара мен Дамаск белсенді диалогқа көшті, нәтижесінде экономикалық байланыстар айтарлықтай нығая түсті. Түрік тарапының мәлімдемесінде айтылғандай, ынтымақтастықтың жаңа кезеңі елеулі өзгерістер әкеледі.
- Енді түрік тауарлары Сирияның солтүстігіндегі бұрын бітімгершілік операциялары кезінде азат етілген аймақтарға ғана емес, сонымен бірге елдің бүкіл аумағына тасымалдана алады, - делінген құжатта.
Түркия Сирияның ең ірі сауда серіктесі болып қала бере отырып, көп жылғы қақтығыстардан қираған Сирия экономикасын қалпына келтіруге қатысуға ниетті. Негізгі күш инфрақұрылымды дамытуға, көлік дәліздерін қалпына келтіруге және логистиканы жеңілдетуге бағытталады.
Елдер арасындағы экономикалық қарым-қатынастың жандануы аймақтағы тұрақтылықты нығайту және көптеген салалардағы екіжақты ынтымақтастықты қалпына келтіруде шапшаңдатқыш болады деп күтіліп отыр.
Бұған дейін Сирия түрік тауарларына кедендік баж салығын күрт арттырғанын жазған болатынбыз.
Жаңа шаралар іс жүзінде елдер арасындағы сауданы іркілтті, бұл түрік экспорттаушыларын күрделі мәселелерге әкеп соқтырды.