Түркия Мосул маңындағы әскери базасын Иракқа бермек

АСТАНА. KAZINFORM — Келісім аясында әскери нысан біртіндеп Ирак үкіметінің бақылауына беріледі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Түркия Мосул маңындағы әскери базасын Иракқа бермек
Фото: Ирак премьер-министрінің баспасөз қызметі

Түркия Ирактың солтүстігіндегі Мосул қаласының маңында орналасқан Башика-Зеликан әскери базасын біртіндеп Иракқа береді.

Келісімге сәрсенбі күні Нью-Йоркте Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мен Ирак премьер-министрі Әли әл-Заидидің кездесуі барысында қол жеткізілді.

Бірлескен мәлімдемеде тараптар әскери база Ирак билігі қабылдаған қауіпсіздік шараларын ескере отырып, келісілген тетік пен кестеге сәйкес берілетінін мәлімдеді. Нақты мерзім ресми түрде жарияланған жоқ.

Келіссөз барысымен таныс Ирак әскери қолбасшысының айтуынша, Башика-Зеликан базасынан және Мосул маңындағы тағы бір шағын нысаннан түрік бөлімшелерін кезең-кезеңімен шығару 2026 жылдың соңына дейін аяқталуы мүмкін. Түркия тарапы бұл ақпаратқа әлі түсініктеме берген жоқ.

Анкара әскерін Мосул маңына 2015 жылы орналастырды. Түркия ол әскердің Ирак күштерін, сондай-ақ ДАИШ террористік тобына (Қазақстанда тыйым салынған ұйым — Ред.) қарсы күрескен жергілікті араб, түрікмен және күрд жасақтарын қорғау және дайындаумен айналысқанын мәлімдеген.

Түрік әскерінің Мосул маңына орналастырылуы екі ел арасында кикілжің тудырған.
Ирактың орталық үкіметі Башика әуе базасында түрік әскерінің болуын өз егемендігін бұзу деп санап, олардың шығарылуын бірнеше рет талап етті. Базаны көп жыл бойы аймақтағы әртүрлі қарулы топтар ұдайы зымыранмен атқылап келді.

Анкара база террористік топтарға қарсы операцияларды қолдау үшін пайдаланылғанын айтумен келеді. 

Нысанды тапсыру Түркияның Ирактан әскерін толық алып кететінін білдірмейді. Елдің солтүстігінде басқа түрік базалары мен бекіністері қала бермек, оларды Анкара өзінің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Күрдістан жұмысшы партиясымен (КЖП) күресу үшін қажет деп санайды.

Ердоған мен әл-Заиди қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, Синджар аймағында Ирактың толық бақылауын қалпына келтіруге және одан заңсыз әрекет ететін шетелдік қарулы топтарды кетіруге келісті.

Тараптар сондай-ақ сауда-экономикалық қатынастарды талқылап, бұрын қол қойылған келісімдер мен бірлескен стратегиялық жобаларды жүзеге асыруды жеделдетуге келісті.

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ 30 қыркүйекке дейін әскерін Ирактан толық шығаратыны хабарланған. 

Сондай-ақ, Ирак Иранмен шекарадағы үш өткізу бекетін қайта ашты.