Түркия мүгедек жандардың ғибадатына толық жағдай жасауды қолға алып отыр

Аталмыш шараны Түркияның Дін істері жөніндегі министрлігі ұйымдастырып отыр, деп жазады muslim.kz сайты.
Әзірет Сұлтан мешіті ресми сайтының жазуына қарағанда, өткен жылы министрлік «Балаларды мешітпен таныстыру» бағдарламасын қолға алса, биыл - «Мінәжәт етуге мешіт есігі кімге де болсын ашық» жобасы аясында мүгедек, кемтар жандардың мешітке келуіне жағдай жасап отыр.
Осы аптаның ішінде жоғарыдағы жоба шеңберінде министрлік бірқатар шаралар ұйымдастыруды жоспарлайды. «Мінәжәт етуге мешіт есігі кімге де болсын ашық» бағдарламасы қоғам назарын мүмкіндігі шектеулі жандарға аудару мақсатында ұйымдастырылуда.
«Дін істері жөніндегі министрлік мешітке келген мүгедек, кемтар жандардың еш қысылып-қымтырылмауы үшін, намаз оқуға ыңғайлы болатын барлық жағдай жасауды көздеп отыр. Бұл бағытта біршама шаралар да атқарылған. Түркияның әр облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға, әсіресе, тірек-қимыл аппараттары бұзылған адамдар үшін кем дегенде бір мешіт болмақ. Түркияның әр облысындағы мүфтияттар кемтар жандарға аккумуляторы бар мүгедектерге арналған арбалар алатын болады», - деп жазады ресми сайт.