Түркия өкілі Mister Global 2026 байқауында жеңімпаз атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркиялық Дильхан Диврикли Таиландта өткен Mister Global 2026 халықаралық ерлер сұлулық байқауында жеңіске жетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.
Нонтхабури қаласындағы MCC Hall көрме орталығында өткен байқаудың финалында Дильхан Диврикли Нигерия мен Филиппин өкілдерімен бірге үздік үштікке енді.
Байқау қорытындысы бойынша түркиялық қатысушы бас жүлдені иеленді. Екінші орынды нигериялық Бетел Мбамара, үшінші орынды филиппиндік Эм Джей Ордильяно алды.
Байқауға әлемнің түрлі елдерінен келген үміткерлер қатысты. Шамамен он күн бойы қатысушылар дайындық кезеңінен өтіп, түрлі іс-шаралар мен таныстырылымдарға қатысты. Финалда олар қазылар алқасының алдында өнер көрсетті.
Дильхан Диврикли бұған дейін Түркияда өткен модельдік байқауларда да жетістікке жеткен. Оның отбасы Афьонкарахисар провинциясынан шыққанымен, өзі Бельгияда тұрады. Дильхан төрт тілде сөйлейді. Модельдік мансабынан бөлек, актерлік өнерге қызығушылық танытып, осы бағытта дамуды жоспарлап отыр.
Бұған дейін жеті жыл бойы сән әлемінде жүрген Шыңғыс Танатпаев бүгінде Ұлттық ұлан сапында әскери борышын өтеп жүргенін жазғанбыз. Жақында жас жігіт жайлы ақпарат әлеуметтік желілерде жарыса жарияланған еді. Алайда оның көпшілік біле бермейтін қырлары жетерлік. Ол — каратэден бірнеше дүркін ел чемпионы, төрт тіл меңгерген полиглот. Осы тұста Kazinform тілшісі Шыңғыс Танатпаевпен сұхбаттасып, оның модельдік жолы мен табысы жайлы сұрап білді.