Түркия премьер-министрі: Анкарадағы жарылысты екі террорист іске асырған деуге дәлелді негіз бар
АСТАНА. ҚазАқпарат - Анкарада орын алған жарылысты лаңкестер жүзеге асырған деген нұсқа негізгі болып табылады, деді журналистерге Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу, деп хабарлайды ТАСС.
«Анкарадағы терактіні екі лаңкес жүзеге асырған деуге дәлелді негіз бар. Бүгін ел астанасында шеруге қатысқан 86 азаматымыз көз жұмды, бұл жерде олардың қандай саяси көзқараста болғаны маңызды емес. Ел басшысымен ақылдасып, ұлттық аза тұту жариялау туралы шешім қабылдадық», - деді ол.
Сондай-ақ Давутоглу бұл шабуыл үшін айыптылардың барлығы міндетті түрде табылып, заң алдында жауап беретінін атап өтті. Еске салайық, бүгін Анкарада «Еңбек. Бейбітшілік. Демократия» бейбіт наразылық шеруі кезінде 2 жарылыс орын алған болатын. Шеруге қатысушылар түрік билігі мен күрдтер арасындағы әскери қақтығыстарды тоқтатуды сұраған еді. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметтері бойынша лаңкестіктен 86 адам қаза тапқан, 200-ден астам адам жараланған.