Түркия балалар мен шетелдіктерді босату жөнінде ХАМАС-пен келіссөз жүргізуде
Түркия ХАМАС-та тұтқында жатқан шетелдіктер, бейбіт тұрғындар мен балаларды босату үшін палестиналық аталған ұйыммен келіссөз жүргізуде. Kazinform бұл туралы Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сейсенбі күні елдің Сыртқы істер министрі Хакан Фидан атап өткендей, «көптеген елдер» ХАМАС тұтқынға алған азаматтарын босатуды сұрап, Түркияға көмекке жүгінген.
Reuters елдің сыртқы істер министрлігіндегі дереккөзге сілтеме жасап жазуынша, Х.Фидан бұл мәселені ХАМАС жетекшісі Исмаил Ханиямен дүйсенбі күні талқылаған.
Дүйсенбіде ХАМАС жетекшілерінің бірі Халед Машааль Израиль түрмелеріндегі барлық палестиналықтарды босату үшін топта «қажеттінің бәрі бар» деп мәлімдеді. Яғни кепілге алынғандар палестиналық тұтқындарды босату үшін айырбас ретінде пайдаланылмақ.
Осы мәлімдемеден кейін көп ұзамай топтың қарулы қанаты кепілдікке алынған израильдік емес азаматтар «қонақ» екенін және олар «жағдай мүмкіндік берген уақытта» босатылатынын айтты.
Еске салайық, 7 қазан күні Палестинадағы ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасап, елдер соғыс жағдайына көшті.
Бірқатар мемлекет өз азаматтарын Израильден эвакуациялауды ұйымдастырды. Қазақстан да аталған елде жүрген 124 қазақстандық үшін репатриациялық рейс ұйымдастырып, оларды елге жеткізді.
Израиль Газа секторын толық оқшаулап, жарық, тамақ және отынның жеткізілуіне жолды жапты. Әскерилер Палестина тұрғындарына Мысырға қашуды ұсынды. 11 қазан күні Газа секторындағы жалғыз электр станциясы отын тапшылығынан жұмысын тоқтатты.
7 қазаннан бері Израиль армиясының Газа секторына жасаған шабуылынан 11 журналист қаза тауып, тағы 20-дан астам БАҚ қызметкері жарақат алды.
Палестина ұлттық автономиясының жетекшісі Махмуд Аббас ХАМАС Израильде тұтқынға алынған бейбіт тұрғындарды босатуы керек екенін айтып, ХАМАС Палестина халқының мүддесін білдірмейтінін мәлімдеді.
Сәрсенбі күні Изралильге АҚШ президенті Джо Байден баратыны күтілуде.
АҚШ Израиль жағалауына екі мың теңіз жаяу әскерінен тұратын жедел әрекет ету күшін жіберді.
Кейінгі мәлімет бойынша, ХАМАС-тың Израильге шабуылынан 1400 адам қаза болды, ал Израильдің Газа секторына соққысынан 2600 тұрғын көз жұмды.