Түркия сириялық босқындар мәселесін шеше алмай отыр

АСТАНА. 2 қыркүйек. ҚазАқпарат - Түркия басшылығы сириялық босқындар мәселесін реттеу үшін БҰҰ-ның көмегіне жүгінді.

Түркия сириялық босқындар мәселесін шеше алмай отыр

Түркия сыртқы істер министрі Ахмет Давутоғлуның мәлімдеуінше, ел күн санап өсіп жатқан сириялық босқындардың ағымына қарсы өздігімен әрекет ете алмауда. Бұл туралы «Хабар» агенттігі жазады.

Айта кетер жайт, Давутоғлу бұған дейін де Сирияның Түркиямен шекаралас солтүстік бөлігінде босқындарды орналастыратын буферлік аймақ құруды ұсынып, БҰҰ-нан қолдау көрсетуді сұраған еді. Жуырда ғана БҰҰ-ның босқындар жөніндегі агенттігі баяндама әзірлеп, онда сириялық босқындардың басым бөлігінің Түркияға ағылып жатқанын атап көрсеткен болатын. Қазірдің өзінде олардың саны 74 мыңға жеткен. 61 мыңға жуық сириялық Иорданияда. Иран, Ирак және Ливанға кеткен сириялықтар да аз емес. Өз елінен қашып кетуге мәжбүр болған тіркелген сириялықтардың жалпы саны 25 тамыздағы көрсеткіш бойынша 202 мың 512 адамға жеткен. Ал, мұның алдындағы болжамдарда осы жылдың соңына дейін босқындар саны 185 мың адамға жетеді делінген еді.