Түркия Сыртқы істер министрі G20 отырысында Газадағы атысты тоқтатуға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM - Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан халықаралық қауымдастықты Газа секторындағы атысты тоқтатуға және Израиль-Палестина қақтығысын «екі халыққа екі мемлекет» тұжырымдамасы негізінде шешуге көбірек күш салуға шақырды, деп жазады Анадолы агенттігі.
Түркия дипломатиялық қызметінің басшысы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен G20 елдерінің сыртқы істер министрлері деңгейіндегі отырысына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде: «Газа секторындағы қатыгездік мүмкіндігінше тезірек тоқтатылуы керек», - деді.
Дипломатиялық дереккөздердің хабарлауынша, Фидан сессияда «Үздіксіз халықаралық шиеленісті реттеудегі G20 рөлі» тақырыбында сөйлеген.
Хакан Фидан барлық тараптарды жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін жұмыс істеуге шақырды. Министр бұл тақырып 1-3 наурызда өтетін Анталия дипломатиялық форумында (ADF) «Дағдарыстардың алдын алуда дипломатияны пайдалану» тақырыбында көтерілетінін еске салды.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Уэльс ханзадасы Уильям Газа секторындағы қақтығысты тез арада тоқтатуға шақырды. Оның бұл мәлімдемесі Ұлыбританияда дау тудырды, өйткені кейбіреулер тақ мұрагері жаһандық күн тәртібіндегі күрделі саяси мәселеге тікелей араласты деп санайды.