Түркия Сыртқы істер министрі Қазақстанға ресми сапар жасайды
АСТАНА. Ақпанның 8-і. ҚазАқпарат /Ерұр Ақанбай/ - Ақпанның 10-ы мен 12-сі аралығында Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітоғлы Қазақстанға ресми сапар жасайды. Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, А. Дәуітоғлы біздің елімізге ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың шақыруымен келгелі отыр. «Сапар бағдарламасы аясында Түркияның сыртқы саясат ведомствосы басшысының біздің еліміздің басшылығымен кездесулері жоспарланып отыр. Оның барысында Астана мен Анкара арасындағы екі жақты және көп жақты форматтардағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, соның ішінде БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИКҰ және Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланатын болады», деді А. Әбдірахманов.
Оның сөзіне қарағанда, сондай ақ сапар аясында ағымдағы жылғы маусымның 7-сі мен 9-ы аралығында Ыстамбұлда өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне (АӨІСШК) мүше елдердің мемлекет және үкімет басшыларының үшінші саммитіне дайындық барысы талқыланады. Биыл аталмыш құрылымның төрағалығы Қазақстаннан Түркияға тапсырылған.
«Түркия Сыртқы істер министрінің сапары 2009 жылғы қазанның 22-де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Анкараға жасаған ресми сапары барысында қол қойған Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Стратегиялық серіктестік туралы шартта белгіленген қағидаларды іске асыруға бағытталған», деді ресми өкіл.