Түркия табиғи газ импортын 21,7%-ға қысқартты
АСТАНА. KAZINFORM- Түркияға табиғи газ жеткізу көлемі жылдық мәнде 21,7%-ға қысқарды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі Daily Sabah басылымына сілтеме жасап.
Түркияның Энергия нарығын реттеу басқармасының (EPDK) мәліметінше, шілдеде елге шамамен 3,06 млрд текше метр табиғи газ импортталған. Бұл былтырғы осы айдағы көрсеткіштен 21,7%-ға аз. Оның 2,87 млрд текше метрі құбыр арқылы жеткізілетін газға, 194,05 млн текше метрі сұйытылған табиғи газға (СТГ) тиесілі.
Құбыр арқылы газ жеткізген негізгі ел Әзербайжан болды – 1 млрд текше метрден астам. Одан кейін Ресей – 948,49 млн текше метр және Иран – 919,33 млн текше метр. Түркия СТГ-ның барлық көлемін Алжирден импорттады.
Табиғи газ тұтыну көлемі де 25,2%-ға төмендеп, 2,65 млрд текше метрді құрады. Сонымен қатар шілде айының соңында газ қоры 5,64 млрд текше метрге жетіп, жылдық мәнде 30,5%-ға артты.
Шілдеде мұнай мен мұнай өнімдерінің импорты шамамен 4,52 млн тоннаны құрады. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 6,9%-ға аз. Ал шикі мұнай импорты 0,32%-ға аздап өсіп, 2,93 млн тоннаға жетті.
Мұнай мен мұнай өнімдерін негізгі жеткізуші бұрынғыдай Ресей болды. Оның үлесі 1,66 млн тоннаны құрады. Одан кейін Ирак – 653,5 мың тонна және Қазақстан – 508 мың тонна көрсеткішімен орналасты. Қазақстанның үлесі жалпы импорт көлемінің 11,24%-ын құрады.
Бұған дейін Қазақстанда энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын жаңғыртуға 839 млрд теңге бағытталатыны хабарланған болатын.
Осыған дейін елімізде жасыл энергетиканы дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатқаны туралы жаздық.