Түркия вице-президенті Қазақстанның экологиялық жобаларына қызығушылық танытты
АСТАНА. KAZINFORM — Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаз Қазақстанның экологиялық бастамаларымен, жасыл технологиялармен және биоәртүрлілікті сақтау жобаларымен танысты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.
Джевдет Йылмаз Анталияда өтіп жатқан БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы (COP31) Тараптарының 31-ші конференциясы аясында Қазақстанның Ұлттық павильонына барды. Ол елдің экологиялық бастамаларына, тұрақты дамуға және табиғатты қорғау жобаларына бағытталған көрмені қарап, оның мазмұнына жоғары баға берді.
Түркия вице-президентіне экскурсияда Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басқарма төрағасы Сәкен Қалқаманов қарсы алды. Ол Қазақстанның экологиялық саясатының негізгі бағыттары, заманауи технологиялардың енгізілуі және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жобалары жайлы айтып берді.
Көрменің негізгі тақырыптарының бірі Іле-Балқаш аймағындағы Тұран жолбарыстарының популяциясын қалпына келтіру бағдарламасы болды. Қонақтарға жобаның мақсаттары, оның ішінде табиғи экожүйелерді қалпына келтіру және сирек кездесетін жыртқыштардың жабайы табиғатқа оралуына жағдайдың жасалуы туралы әңгімеленді. Экспозицияның басты ерекшелігі Амур мен Үміттің цифрлық гидтері болды. Тұран жолбарыстарына негізделіп жасалған, ЖИ орнатылған виртуалды көмекшілер келушілерді Қазақстанның табиғатты қорғау бастамаларымен бірнеше тілде таныстырды.
Ұлттық дәстүрлер мен экологиялық тұтынудың заманауи қағидаттарын үйлестіретін «Құрақ көрпе» көркемдік инсталляциясы қонақтардың ерекше назар аударды. Қазақтың дәстүрлі құрақ көрпесі ресурстарды тиянақты басқарудың және Zero Waste тұжырымдамасына сәйкес материалдарды қайта пайдаланудың үлгісі ретінде ұсынылған.
Ұлттық павильон Қазақстанның экологиялық жетістіктерін насихаттау, жасыл технологияларды ұсыну және табиғатты қорғау жобаларына инвестиция тарту платформасы ретінде қызмет етті. COP31 аясында Қазақстан 34 инвестициялық құжатқа қол қойды және 38 тақырыптық іс-шара өткізу жоспарланған.
Конференцияға қатысу Қазақстанға өзінің экологиялық шешімдерін халықаралық қауымдастыққа ұсынумен қатар, тұрақты даму, жасыл технологияларды енгізу және табиғи мұраны сақтау салаларында халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге де мүмкіндік береді.
Біз бұған дейін Қазақстан COP31 конференциясында климаттық инвестициялар платформасын таныстырғанын хабарлаған едік.