Түркияда 1 қарашадан бастап балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына шектеу қойылады
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияда балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты жаңа шектеулер 1 қарашадан бастап күшіне енеді.Түркия президенті әкімшілігі жанындағы Киберқауіпсіздік басқармасының тиісті нормативтік актісі 10 қазанда үкіметтің Resmi Gazete ресми басылымында жарияланды.
Report агенттігінің хабарлауынша, құжатқа сәйкес, жаңа талаптар 2026 жылғы 1 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі. Ережелер бойынша әлеуметтік желілер 15 жасқа толмаған балаларға қызмет көрсете алмайды. Ал 15 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер үшін платформалар қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау шаралары күшейтілген бөлек режим енгізуге міндетті. Қолданыстағы аккаунттардың иелері де жасын растау рәсімінен өтуі керек. Бұл талапты орындау мерзімі — 2027 жылғы 31 наурыз.
Пайдаланушылардың жасы арнайы сәйкестендіру құралы арқылы мемлекеттік қызметтердің бірыңғай e-Devlet жүйесінде расталады. 15–18 жастағы жасөспірімдердің аккаунттары жабық болады. Оларға тікелей эфирге шығуға, жекелендірілген жарнамаларды көруге және контентті ұсынудың кейбір тетіктерін пайдалануға шектеу қойылады. Әлеуметтік желілер кәмелетке толмағандарға олар туралы жиналған деректер негізінде өзге аккаунттарды ұсына алмайды. Сондай-ақ жасөспірімдердің профильдерін басқа пайдаланушыларға ұсынуға тыйым салынады.
Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандардың жеке деректерін қорғау талаптары күшейтіледі. Әлеуметтік желілер балалардың аккаунттарын телефон кітапшаларымен, байланыс тізімдерімен, электрондық пошта мекенжайларымен, сондай-ақ басқа қосымшалар мен платформалардағы достар және жазылымдар тізімімен синхрондай алмайды. Мұндай дереккөздерге қол жеткізуге және олардан алынған ақпаратты өңдеуге де рұқсат етілмейді.
Жаңа талаптар ата-аналар мен қамқоршыларға да қатысты. Әлеуметтік желілер оларға балалардың аккаунттарын, баптауларын, желіде өткізетін уақытын, геолокациясын, ақылы операцияларын және басқа да функцияларын бақылауға арналған құралдарды ұсынуға міндеттеледі.
Айта кетейік, елімізде балалардың әлеуметтік желідегі аккаунттарына қатысты жаңа тәртіп енгізілмек.