Түркияда Астананың 20 жылдығына арналған концерт өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласының 20 жылдығына орай Анкара қаласында Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен «Астананың 20 жылдығы» концерті өтті, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
None
None

Түркияның мемлекеттік телерадиокорпорациясына қарасты ТРТ студио-залында тікелей эфирде жүзеге асқан концерттік бағдарламаға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, дипломатиялық мекемелердің, іскер топтардың өкілдері және зиялы қауым мен жергілікті халық қатысты.

Дина Нұрпейісова атындағы Халықтық музыка академиясы оркестрі өнер көрсеткен салтанатты шараның ашылуында сөз сөйлеген елші А.Сапарбекұлы аталған концерттік бағдарламаның елордамыз Астананың 20 жылдығына тарту етіліп отырғанын, сондай-ақ Астана мен Анкараның қалыптасу тарихында ұқсастықтардың бар екендігін атап өтіп, дәйекті деректер келтірді. Еліміздің өнерін таныстырып, абыройын асқақтатқан осындай игі шараның өтуіне атсалысқан ТРТ Бас дирекциясына және Дина Нұрпейісова атындағы Халық музыка академиясы оркестрінің өнерпаздарына алғыс білдірді.

Концерттік бағдарлама Қазақстанның халық артисі, композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Жанарым» шығармасымен басталып, қазақ ұлттық музыкасының символдары - Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Сейілхан Қисанов және т.б. белгілі композиторлардың туындалырымен жалғасын тапты.

Ұлттық композициялармен қатар әлемдік классикалық музыка да орындалды. Ұлы дала елінің музыкалық сәлемдемесін жеткізген өнерпаздар көрермендер тарапынан ыстық ықылас пен қошеметке ие болды.

Бағдарламада сөз сөйлеген Я.Топчу тілі, діні, тарихы бір достас елдердің Президенттері арасындағы қарым-қатынасты айрықша атап өтті. Түркі әлемінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаевтың парасатты саясатын атап өтіп, Қазақстаннның дамуының және түркітілдес елдердің қарым-қатынасының нығаюының кепілі- Н. Назарбаев екенін баса айтты.

Концерттік бағдарламаны «ТRT Avaz» телеарнасының тікелей эфирі арқылы 350 миллион көрермен тамашалауға мүмкіндік алды.

Соңғы жаңалықтар