Түркияда аяқ киім өндірісі үш жылда 41,6 пайызға азайды
АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы жылдары Түркияда бірқатар тауарлардың өндіріс көлемінде өзгеріс байқалып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.
Түркия Статистика институтының (TÜİK) Инфляцияға қарсы күрес бағдарламасы іске асырылып отырған 2023-2025 жылдарға зерттеу жүргізген. Зерттеу деректеріне сәйкес, 18 саланың 11-інде өндіріс көлемі қысқарған. Ең қиын жағдай аяқ киім өндірісінде байқалады, түрік шеберлері соңғы үш жылда өнім көлемін 41,6%-ға азайтқан.
Өрік өндірісі де айтарлықтай қысқарған — 21,9%. Сондай-ақ газ және қатты отын жағылатын пештердің өндірісі 18,3%-ға, тоңазытқыш өндірісі 16,6%-ға, тазартылған фундук өндіру 12,9%-ға азайған. Шай өндіру көлемі де шамамен 10% қысқарған.
Зерттеу жүргізілген 18 саланың жетеуінде өндіріс көлемі ұлғайған. Ең жоғары өсім фармацевтика өнеркәсібінде байқалады: 2023 жылы Түркияның фармацевтика компаниялары жалпы құны 19,6 млрд лираға дәрі-дәрмек шығарса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 39 млрд лираға өскен. Осы орында дәрі-дәрмек жөніндегі деректер ақшалай есептелгендіктен, өндіріс көлемінің өсуіне бағаның өзгеруі ықпал еткенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ сатылымға жаңа дәрілердің шығуы, кей препараттарды өндіру көлемінің ұлғаюы да фармацевтика өнеркәсібінің өсуіне септігін тигізген.
Жуғыш заттар өндірісі осы кезеңде 64,2%-ға өсті. Сарапшылар бұл өсімді Еуропадағы өндіріс шығындарының өсуіне байланысты әлемдік брендтерге түсетін тапсырыстардың бір бөлігі Түркияға ауысуымен, сондай-ақ өндіріс көлемін арттыруға және жаңа технологияларға салынған инвестициялармен байланыстырып отыр.
Дайын бетон қоспасының өндірісі шамамен 19%-ға артты. Темекі, портландцемент, кілем және көлік өндірісі де өсім көрсетті. Сонымен қатар, автомобиль өнеркәсібі шамамен 1%-ға өскенін айта кетейік.
Еске сала кетейік, Түркияда күн және жел энергетикасының электр энергиясын өндірудегі үлесі айтарлықтай өскенін хабарлаған едік.
Нұрлан Тұяқов