Түркияда дрондарға арналған әуе дәліздері ашылады

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа жүйе дрондар арқылы жүктерді, медициналық бұйымдар мен өнеркәсіп өнімдерін өздігінен жеткізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Заявки на полеты дронов в Казахстане до сих пор рассматривают вручную — депутат Курултая
Фото: Kazinform/ЖИ

Түркияда дрондардың ұзақ қашықтыққа автономды ұшуына арналған арнайы әуе дәліздерін ашудың құқықтық және техникалық негізі әзірленіп жатыр. Бұл туралы елдің көлік және инфрақұрылым министрі Абдулькадир Уралоғлу мәлімдеді.

Жоба бойынша «дрондарға арналған автомагистральдар», яғни ұшқышсыз аппараттар оператордың тікелей көру аймағынан тыс жерде де ұша алатын цифрлық әуе бағыттары ашылады. Оларды құрудың құқықтық негізі Түркияның Азаматтық авиация бас басқармасы 2026 жылғы 30 шілдеде жариялаған ұшқышсыз авиация жүйелерін пайдалану жөніндегі жаңа нұсқаулықта (SHT-İHA) бекітілген.

Министрдің айтуынша, әуе дәліздерінің шекарасы, кіру және шығу нүктелері, ұшу бағыттары, өткізу мүмкіндігі мен аппараттар арасындағы ең аз арақашықтық цифрлық форматта белгіленеді. Бұл ақпарат ұшқышсыз аппараттардың әуе қозғалысын бақылау және басқарудың бірыңғай платформасында (İHATTYS) жарияланады. Дрондардың бағдарламалық жасақтамасы қажетті деректерді автоматты түрде алып, белгіленген талаптарға сай ұшу бағытын реттейді.

Маршруттар ЖИ технологиялары арқылы жоспарланады. Қажет болған жағдайда жүйе дрондардың қозғалыс бағытын өзгертіп, ұшуға тыйым салынған аймақтарды белгілей алады, аппараттарды қонуға бағыттайды немесе рейсті толық тоқтатады. Байланыс үзілген жағдайда дрондар елді мекендердің үстінен ұшпай, алдын ала белгіленген қауіпсіз аймақтарға өздігінен бағыт алады.

Жаңа инфрақұрылым негізінен логистика және медицина саласында қолданылады. Атап айтқанда, дрондар қалалар, логистикалық орталықтар мен кәсіпорындар арасында жүк жеткізуге, сондай-ақ ауруханаларға донорлық қан, дәрі-дәрмек, вакцина мен медициналық сынамаларды тасымалдауға жұмылдырылады. Бұдан бөлек бұл жүйе аралдар мен қыста қатынау қиындайтын елді мекендерді қажетті жүктермен қамтамасыз етуге жол ашады.

Сонымен қатар әуе дәліздері өнеркәсіп орындары, өндірістік аймақтар мен порттар арасында қосалқы бөлшектер жеткізуге пайдаланылады. Бұған қоса электр беру желілерін, құбырларды, теміржол және автомобиль жолдарын қашықтан бақылауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұл әуе дәліздері әуесқой мақсаттағы ұшуларға арналмаған. Дрондарды тек P2 санатындағы лицензиясы бар, Азаматтық авиация бас басқармасынан рұқсат алған және уәкілетті ұйымдардың атынан жұмыс істейтін пилоттар басқара алады. Ұшқышсыз аппараттар тіркеліп, қашықтан сәйкестендіру және ұшу аумағын шектеу жүйелерімен, сондай-ақ тиісті бағдарламалық сертификаттармен жабдықталуы керек. Әрбір ұшу алдында İHATTYS платформасы арқылы алдын ала хабарлама жіберу талап етіледі.

Уралоғлудың айтуынша, цифрлық әуе бағыттарын енгізу өздігінен жүзеге асатын жүк тасымалының жаңа мүмкіндіктерін ашып, жол қатынасына тәуелсіз көлік жүйесін қалыптастыруға негіз болады.

Бұған дейін Түркияда дрон пайдаланушылары мен осы саладағы техника саны айтарлықтай артқанын жазған едік. Азаматтық авиация бас басқармасының 2025 жылғы есебіне сәйкес, дрондарды басқаруға берілген қолданыстағы лицензиялар саны 1,6 миллионнан асқан.