Түркияда экстремизмге қатысы бар деген күдікпен 160-тан астам адам ұсталды
АСТАНА. Шілденің 28-і. ҚазАқпарат - Түркияда «Хизб ут-Тахрир» діни-экстремистік ұйымына қатысы бар деген күдікпен 165 адам тұтқындалды.
Бұл туралы Ыстамбұлдың Бас қауіпсіздік басқармасы кеше мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ИТАР-ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Адамдар жұма күні 21 провинцияда полиция өкілдері мен Ұлттық барлау ұйымының қызметкерлері бірлесіп жүргізген рейдтер барысында тұтқындалған. Олардан қару-жарақтар, сондай-ақ Түркия аумағында ислам халифатын құруды үндеген үгіт-насихат әдебиеттер табылған.
Идеялары дәстүрлі исламның ережелеріне қайшы келетін «Хизб ут-Тахрир» ұйымының қызметіне көптеген елдердегі сияқты, Түркияда да тыйым салынған.