Түркияда Қазақстан әйелдер құрамасынан бірде-бір спортшы ширек финалға шыға алмады

турнир
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның Стамбұл қаласында күрес түрлерінен Париж Олимпиадасының соңғы жолдамалары сарапқа салынып жатыр. Лицензиялық турнирде Қазақстан әйелдер құрамасының спортшылары ширек финалға жетпей жеңіліп қалды. 

53 келідегі Марина Седнева екінші айналымда польшалық қарсыласына 0:9 есебімен жол берсе, 57 келідегі Лаура Алмағанбетова 1/8 айналымда түркиялық Эльвира Камалоғлыға 2:4 есебімен жол берді.

Ал, 62 келідегі Ирина Кузнецова мексикалық қарсыласынан 8:13 есебімен жеңіліс тапса, ұлттық құраманың үздік балуандарының бірі саналатын 68 келідегі Елена Шалыгина румыниялық спортшыдан 1:9 есебімен есе жіберді. 

Сондай-ақ 76 келідегі Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова да бірінші айналымда эстониялық балуаннан 1:2 есебімен жеңілді.  

Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі уақытта күрес түрлерінен Олимпиада ойындарына 7 жолдама бар. Оның 4-еуін грек-рим күресінің өкілдері иеленсе, 3-еуі – еркін күрес шеберлерінің еншісінде. 

Өкінішке қарай балуан қыздарымыз әлі бірде-бір жолдамаға қол жеткізе алған жоқ. 

Әйелдер күресіннен сайыстар ертең, яғни, 11 мамыр күні мәресіне жетеді.

Соңғы жаңалықтар