Түркияда Қазақстанның 50 жауынгері білім алып жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарата - Түркияда Қазақстанның 50-ге тарта жауынгері білім алып жатыр.
Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Екі елдің қорғаныс салаларында білім беру мақсатында тығыз қатынастар орнаған. Біз курсанттар мен офицерлерді Түркиядағы әскери оқу орындарына бағыттаудамыз. Қазіргі кезде осы елдің әскери академияларында құрлық, әуе қорғанысы мен әскери-теңіз күштері бағыты бойынша 50-ге жуық курсанттарымыз бен офицерлеріміз білім алып жатыр», - деді министрдің орынбасары.
Сонымен қатар ол Түркиямен арада әскери-техникалық салада ынтымақтастық белсенді жүріп жатқанын, жыл сайын «Алтын үкі» мергендер жарысы, «Қабылан жолы» жаттығуы ұйымдастырылатынын атап өтті.
Жалпы отырыс барысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арысындағы арнайы мақсаттағы бөлімшелердің оқу-жаттығуларын өткізу кезінде қабылдаушы тараптың қолдау көрсетуі туралы өзара түсіністік меморандумын ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
«Моморандумға өткен жылы 20 қаңтарда қол қойылды. Құжаттың мақсаты тараптардың міндеттемелері мен жауапкершілігін белгілеу болып табылады. Сонымен қатар оқу-жаттығу өткізу кезінде қабылдаушы тараптың қолдау көрсетуінің негізгі қағидаттарын айқындайды»,-деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров заң жобасын таныстыру барысында.