Түркияда коронавирус вакцинасына қатысты 6 жоба жүзеге асырылып жатыр

АНКАРА. ҚазАқпарат – Түркияда COVID-19 вирусына қарсы вакцинаны шығару жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Түркияда коронавирус вакцинасына қатысты 6 жоба жүзеге асырылып жатыр

Қазіргі кезде Түркияның денсаулық сақтау институттары басқармасының (TÜSEB) Эрджиес, Хаджеттепе, Мармара, Ататүрік, Ақдениз университеттері және Йылдыз техникалық университетінде жаңа типтегі коронавирус инфекциясына қарсы вакциналарды шығару бойынша 6 түрлі жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы TÜSEB басшысы, профессор Эрхан Акдоган мәлім етті. .

Оның айтуынша, Эрджиес университеттерінде әзірленген вакцина клиникалық сынақтың екінші фазасынан өткізіліп жатыр.

«Университеттердегі жұмыс жалғастырылып жатыр. Бүгінгі ғылым – ертеңгі күннің технологиясы. Эрджиес университетінде жасалған вакцинаны сынау жалғастырылуда, соңғы нәтижені жариялауға аз ғана уақытымыз қалды», - деп атап өтті ол.

Профессор еріктілерге сынақтың әдеттегідей үш кезеңде өткізіліп жатқанын түсіндірді.

«Бірінші кезеңде клиникалық сынақ 40-50 адамнан құралған шағын топқа өткізіліп отыр. Сынақтың екінші фазасында бұл сан 100 адамға дейін көбейеді. Ал үшінші фазаға мыңдаған ерікті адам қатысуы керек», - деді Акдоган.

Оның айтуынша, Эрджиес университетін инакивтелген вакцинаны шығару жұмыстарын жүргізу үстінде.

«Зерттеу әрі әзірлеу жұмыстары белгілі бір процесті талап етеді, қазіргі кезде бұл зерттеулер жалғастырылып отырғанын айта аламын. Клиникалық сынақтың үшінші фазасы аяқталып, Түркияның Фармацевтика және медициналық жабдықтар жөніндегі агенттігінің қажетті рұқсаты алынған соң вакциналар шығарылып, жан-жақты вакциналау басталады. Түркияда вакциналардың жеке өндірісі ретке келтіріледі», - деді ол.

Еске сала кетсек, қазақстандық QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынаудың үшінші кезеңі өткізіліп жатыр. Отандық вакцина клиникаға дейінгі зерттеуден, бірінші және екінші фазадан өтті. ҚР Президенті Қасым Жомарт-Тоқаевтың айтуынша, жоспар бойынша елімізде 6 миллионнан астам адамға вакцина салынуы керек.