Түркияда Мысырдағы теракт құрбандарын аза тұту күні жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркия билігі 27 қараша, дүйсенбі күнін Синайдағы мешітте болған теракт құрбандарын аза тұту күні деп жариялады, деп хабарлайды «Анадолы» агенттігі.

Түркияда Мысырдағы теракт құрбандарын аза тұту күні жарияланды

Агенттіктің хабарлауынша, күні бойы Түркиядағы және оның шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктеріндегі мемлекеттік тулары түсіріледі.

24 қарашада Синай түбегінің солтүстігінде орналасқан Бир-әл-Әбд елді мекеніндегі әр-Рауда мешітінде жұма намаз кезінде жан түршігерлік теракт болды.  Лаңкестер мешітті жол талғамайтын 4 көлікпен қоршап алып, жарылғыш затты құлшылық қылып жатқан адамдардың ортасына лақтырып, жарып жіберген. Артынша мешіттен қашып шықпақ болғандарға қарай оқ жаудырған. Теракт салдарынан 305-тен астам адам қаза тауып, жүздеген адам ауруханаға жеткізілді.

Елде мемлекет басшысының тапсырмасымен террористік акт құрбандарының құрметіне үш күндік аза тұту күні жарияланды.