Түркияда Наурызды кеңінен атап өтті
Бұл туралы дипломатиялық өкілдіктің баспасөз қызметінен хабарлады.
Шараларға Түркиядағы ҚР Елшісі Жансейіт Түймебаев, провинциялар мен қалалардың басшылары, университет ректорлары, дипломатиялық корпус өкілдері, мәдениет және өнер майталмандары, қазақ диаспорасы мен қазақстандық студенттер қатысты.
Мерекелік шарада ұлттық салт-дәстүр көрсетіліп, қазақ диаспорасының өкілдері қонақтарға қазақтың наурыз көже және қымыз сияқты ұлттық тағамдарын ұсынды.
Концерттік бағдарламада Дина Нұрпейісова атындағы Атыраудың қазақ ұлт аспаптары академиялық оркестрі өнер көрсетіп, келушілерге ұмытылмас көңіл-күй сыйлады. Олар Құрманғазы, Дина, Түркеш, Тәттімбет, Абай, Нартай, Естай, Ықылас және Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын орындады.
Сондай-ақ, Ыстамбұл, Анкара және Маниса қалаларында «Балалық шағымның аспаны» фильмінің түрікше нұсқасы көрсетіліп, Қазақстанның даму жолына арналған фотокөрме өткізілді. Сонымен қатар, көрмеге Қазақстанның елшілігі аударған кітаптар, атап айтсақ, Абай мен Мағжанның өлеңдері, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың таңдамалы 5 томдығы мен «Қазақстан-Түркия: достық пен әріптестіктің 20 жылы» кітабы, Елбасының Жолдауы жазылған брошюралар қойылды.