Түркияда полиция әрекеті салдарынан қазаға ұшыраған жасөспірімнің өлімі қарсылық акциясы толқынын тудырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше Түркияда қарсылық ереуілдерін қуып тарату кезінде басына көз жасаурататын газ канистрі тиіп, өткен жылдың жазынан ес-түссіз жатқан 15 жасар баланың өлімі туралы хабарға орай қарсылық акциясы толқыны туындады, деп хабарлады РБК.
Ол кезде 14 жаста болған Беркін Эльван өз отбасына нан сатып алуға көшеге шыққан болатын, деп хабарлады Reuters. Кездейсоқ полиция құрбаны болған ол қазіргі билікке қарсыласушыларды біріктіру символына айналды, олар бала жансақтау бөлімінде жатқан кезде өнебойы ауруханада кезекшілікте болды. 11 наурыз күні кеште полиция Анкараның орталығындағы Қызылай алаңына жиналған бірнеше мыңдаған шерушілерді қуып тарату үшін су шашатын құрылғылар мен көзден жас ағызатын газды қолданды. Полиция оларды алаңнан ығыстырғаннан кейін де шерушілерді маңайдағы көшелерден де түре қуды, оның барысында бірнеше қақтығыс орын алды. Мұндай оқиға Ыстамбұлдың орталық Истикляль көшесінде де болып, бірнеше мыңдаған адам жиналды, сондай-ақ әлеуметтік желілерде жарияланған шақыруларға бүкіл Түркияның бірқатар жерлерінде үн қосқан қарсылық акциялары болды. Оңтүстіктегі Адана қаласында шерушілер полицияны таспен атқылады, Ізмір және Ескішаһар қалаларындағы бас көтерулер өткен жылдан бергі ең ауқымды оқиғаға айналды.
Қарсылық шерулері Ыстамбұл мен Анкарада бірнеше апта бойы жалғасуда. Оған премьер-министр Реджеп Тайып Ердоғанның ірі жемқорлық жанжалына байланысты интернетке мемлекеттік бақылауды күшейтуге және соттар мен прокурорларды тағайындауда үкіметтің ықпалын арттыруға бағытталған бірнеше заң жобасы себеп болды. Революциялық кәсіподақтар конфедерациясы 2014 жылғы 12 наурызда өтетін жасөспірімді жерлеу рәсіміне қатысатынын мәлімдеді. Эльванның отбасына Түркия президенті Абдулла Гүл көңіл айтты. Эльван 2013 жылғы мамыр-маусым айларында басталған елдегі қарсылық акцияларының алтыншы құрбаны болды, бұл шара үкіметтің Ыстамбұлдың тарихи бөлігін қайта салу жобасын жүзеге асыру ниетіне байланысты туындады, оған жергілікті тұрғындар қарсы шыққан болатын. Саябақты жаңғыртуға қарсы шерулер Ердоғанның бүкіл 11 жылғы билігі кезіндегі ең ауқымды тәртіпсіздіктер акциясына ұласты.